ӨҢДЕУ КӘСІПОРЫНДАРЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

ӨҢДЕУ КӘСІПОРЫНДАРЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, ауылшаруашылығы саласында қолға алынған жобалар мен көктемгі егіс жұмыстарының барысын бағамдады.

Ол аудан әкімі Болат Құловпен бірге «Сахи» шаруа қожалығына қарасты Қобда ауылындағы мал сою пунктында болды. Санитарлық талаптары толық сақталып, заманауи тұрғыда жасақталған кәсіпорында малды евростандарт талаптарына сай сою үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы малды қысып, құлату, оны көтеріп сою сынды жаңа әдістер енгізілген кәсіпорында бірнеше аудан тұрғыны жұмыс жасайды. Мал сою пунктында сойылған малды өңдеп, бөлшектейтін арнайы электр қуатымен жұмыс жасайтын кесу, бөлшектеу өзге де өңдеу құрылғылары орнатылған. Шаруашылық басшысы аймақ басшысымен әңгіме барысында шаруашылықта мыңнан аса қойдың бар екенін жеткізді.

Ермек Кенжеханұлының келесі аралаған нысаны - «Қобда жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік базасы болды. Өндіріс орынында серіктестік директоры Есет Ибашев қазір қолға алынған мал бордақылау алаңының жұмысы турасында әңгімеледі. Қуаттылығы тәулігіне 1000 нан болып табылатын наубайхана жұмысымен таныстырды.

Қобда ауданында биылғы жылы 37 мың гектарға егіс егіліп, оның 11 мың гектардан астамы дәнді дақылдар болып табылады. Үстіміздегі жылы шаруалар тарапынан майлы дақылдарға, соның ішінде сафлор егуге ықылас танытушылардың мол екені сөз болды. Қазір «Қобда жер», «Береке» сынды бірнеше шаруашылық егіс егу науқанын бастап, жер жырту, химиялық өңдеу жұмыстарына кірісіп те кеткен. Олардың егу жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары көктемгі егіс егу жұмыстарын дер кезінде аяқтаудың мол өнімнің - кепілі екендігін айтты.

Ермек Кенжеханұлының Қобда ауданындағы жұмыс сапары Терісаққан ауылдық округіне қарасты «Береке» шаруа қожалығында жалғасты. Өткен жылдың аяғында қолданысқа берілген мал сою бекетін көрді. Бұл кәсіпорында заманауи тұрғыда жасақталған, малды евростандарт талаптарына сай сою үшін барлық жағдай жасалған. Малды тоңазыту, малды қысып, құлату, оны көтеріп сою сынды жаңа әдістер енгізілген кәсіпорында, сойылған малды өңдеп, бөлшектейтін арнайы электр қуатымен жұмыс жасайтын кесу, бөлшектеу өзге де өңдеу құрылғылары орнатылған. Мал етін вакуумдерде пакеттеуге құрылғылар алынған. Шаруашылық құрылтайшысы Ерлан Қаспақов өңделген ет өнімдерін келешекте шетелге экспорттау жөніндегі жоспарларын облыс әкімінің орынбасарымен әңгіме барысында ортаға салды. Ермек Кенжеханов шаруашылықтың мал сою алаңының жұмысымен де танысып, жаңадан алынған егіс егу кешендерін, күні кеше әкелінген жаңа техникаларды көрді.

Ол «Тамбай» шаруашылығына қарасты суландыру жүйесінде болды. Мемлекет тарапынан өзен бойына электр желілері тартылып, шаруашылыққа арендаға берілген су сорғыштарды қарады. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын қолдауға қыруар қаржының бөлініп жатырғанын алға тартып, қожалық басшыларына енді бақша көлемін арттыру керектігін айтты.