НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Біріңғай жиынтық төлем, мал аурушаңдығы, көктемгі егіс, қар тазарту, салық түсімдері, сынды маңызды тақырыптар аудан әкімі Болат Құловтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің алқа мәжілісіне өзек болды. Жиында алдымен орталық ауруханының бас дәрігері Әсет Шарапатов біріңғай жиынтық төлемнің аудан тұрғындары тарапынан әлі де төленбей отырғанын жеткізді. Түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары ұдайы жүргізілгенмен жарнаны төлемей, соңынан тиісті емін ала алмай жүрген азаматтардың да барын жасырмай алға тартты. Бұл турасында аудан әкімі түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігіне тоқталып, ауылдық округ әкімдері де баса назар аударуы қажеттігін атап, нақты тапсырмалар белгіледі. Салық салу базасын ұлғайту төңірегінде мемлекеттік кіріс басқармасының басшысы Болат Жекеев мәлімдеді. Эпизоотиялық ахуал, қар тазарту, су тасқынының алдын-алу сынды мәселелер де алқа отырысынан тысқары қалмай, жан-жақты талқыланды. Көктемгі егіс науқанына дайындық туралы баяндаған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағдәулет Түктібаев биылғы жылы егіс көлемін едәуір ұлғайту көзделіп отырғанын айтты. Қажетті тұқым, жанар-жағар май әкелу сынды жұмыстардың басталғанын ескертіп, ауылдық округ әкімдерінің де шаруа қожалықтарымен тығыз байланысы керек екенін атады.   

Алқа мәжілісін сабақтаған аудан әкімі Болат Құлов талқыланған мәселелердің маңыздылығына тоқталып,  тиісті тапсырмаларды орындамаған мекеме басшыларына тәртіптік жаза қолданылатынын да қатаң ескертті.