20 қаңтарда аудан және ауылдық округ әкімдерінің есебі ауданның ең шалғай жатқан Сөгәлі және Жиренқопа ауылдық округтерінде өтті. Аудан орталығынан 130 шақырымда орныққан Сөгалы ауылдық округінде 475 адам тұрады. Қоғалы ауылында негізгі мектеп жұмыс жасайды. Ауылдық округтің әкімі Абдул Ақылбеков округте мал шаруашылығы қалыпты дамып келе жатқанын айтып жеткізді. Жақын маңайда мердігер болған компаниялардың техникаларын пайдаланып, жол жасап алғандарын, интернет байланысының халыққа қызмет көрсете бастағанын баяндады.
Жиренқопа ауылдық округінің әкімі Аманжол Тастаевтың баяндамасы көп шаруаның басын қамтыды. Оның сөзінше ауыл жанындағы «Ақбалшық» су өткізгіш құрылғысы жөнделіп, суармалы, көлтабанды жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туындаған. Қобда мен Жиренқопаны жалғап жатқан тас жол күрделі жөндеуден өтіп, Ресеймен шекараға дейін жеткізілген. Сол мердігер компаниялардың техникаларын пайдаланып, ауылдың бұзылған үйлері тазартылған. Ауылдық дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілген. Есепті жылдағы барлық инвестиция көлемі 121 млн теңгені құрады.
Кездесуде полиция бөлімінің басшысы Ардақ Наяшев, жұмыспен қамту орталығының директоры Қуаныш Бегалиев, кселл, билайн ұялы байланыс компанияларының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімі Болат Құлов соңғы жылдары көп игіліктің жүзеге асқанын алға тартып, тұрғындарды ауылды көгалдандыруға, көркейтуге шақырды. Атқарылған іргелі істердің барлығы халықтың игілігі үшін екенін жеткізіп, кәсіпкерлік пен мал шаруашылығына ден қою керектегін айтты.
Тұрғындар аудан, ауылдық округтер әкімдерінің есептеріне оң бағаларын берді.