«Өрт-2026»: Ақтөбе облысында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті

«Өрт-2026»: Ақтөбе облысында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданына қарасты Әлімбет ауылында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою бағытындағы күш-құралдардың дайындығы пысықталды.

Оқу-жаттығу жұмыстарына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин және Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, арнайы қызметтердің дайындығымен танысты.

Екі күн бойы облыстың барлық аудандарында халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, табиғи өрттердің алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар азаматтық қорғау қызметтері мен арнайы құрылымдар түрлі шартты енгізу тапсырмалары бойынша практикалық іс-қимылдарды орындады.

Жаттығу барысында орман және дала өрттерін сөндіру, зардап шеккендерді эвакуациялау, жедел штабтың жұмысын үйлестіру, сондай-ақ техника мен арнайы құралдардың әзірлігі тексерілді.

Ауқымды оқу-жаттығуға жалпы саны 719 адам және 184 бірлік техника жұмылдырылды.