Қобда ауданының экономикасы тұрақты өсім көрсетуде

Қобда ауданының экономикасы тұрақты өсім көрсетуде

Биылғы жылдың 9 айында Қобда ауданында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 8,5 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе асты. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестициялардың үлесі биыл 4,7 млрд теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, аудан экономикасында тұрақты өсім байқалып, барлық негізгі бағыттарда оң динамика сақталып отыр.

Инвестиция көлемі 201,4% өсімді, ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 101,5%-ті көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 98% артып жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ге жетеді деп күтілуде.

Инженерлік инфрақұрылым саласында да оң нәтижелер бар. Атап айтсақ, жергілікті тұрғындарды газбен қамтамасыз ету үлесі 79,6%-ға жеткен. Аудан әкімі 2027 жылға дейін тағы 12 ауылға көгілдір отын жетіп, көрсеткіш 93% болатынын айтты. Елді мекендердің 98% таза ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар ауылдарды электрмен жабдықтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

2025 жылы кешенді жоспар аясында Қобда ауданының 2130 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Шағын бизнес субъектілерінде өнім шығару көрсеткіші 5,7 млрд тг құрап, өткен жылмен салыстырғанда 52,4%-ке артты.

🗣️«Әлеуметтік сала, экономика, инфрақұрылым және ауылды дамыту – біздің басты басымдықтарымыз. Алдағы уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық мақсаттар аясында аудан халқының өмір сапасын жақсартуға арналған нақты істер жалғасын табады» - деп атап өтті Ізгілік Тынымгереев.

Айта кетейік ауданда бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Өтек ауылында, облыстық бюджет есебінен Жарық ауылында медициналық пункттер пайдалануға берілген. Сондай-ақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бегалы ауылында салынып жатқан медициналық мекеме жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі.