Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинді қабылдады.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективаларын, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады. Облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, тату көршілік және өзара сенім қағидаттарына негізделген стратегиялық серіктестік деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
«Ақтөбе облысы қытайлық компаниялармен әріптестікті кеңейтуге ашық. Біз өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірлескен жобалар үшін зор әлеуетіміз бар деп есептейміз. Сіздің бұл сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңінің бастауы болады деп сенемін»,– деді Асхат Шахаров.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының халыққа соңғы Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалуына баса назар аударылды.
Асхат Шахаров Президенттің халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту және өнеркәсіп секторын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау Ақтөбе облысының дамуы үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Осы жылдың жеті айының қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы - 536,5 миллион АҚШ доллары. Бүгінгі таңда өңірде 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Олардың қатарында карбамид өндіретін газ-химия кешенінің құрылысы, мыс концентратын өндіру фабрикасы, цемент шығару өндірісі, жел электр станцияларын салу және өзге де жобалар бар. ҚХР-дың Елшісі Хань Чуньлинь облыс басшылығына жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, өңірдің Қазақстан-Қытай экономикалық байланыстарын дамытудағы зор әлеуетін алға тартты.
Кездесу соңында тараптар екі елдің тұрақты дамуы мен өркендеуіне бағытталған өзара тиімді жаңа жобаларды іске асыру және серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.