Аппарат мәжілісінде цифрландыру және ЖИ енгізу мәселесі талқыланды

Аппарат мәжілісінде цифрландыру және ЖИ енгізу мәселесі талқыланды

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев өз баяндамасында бүгінгі күні интернетке 274 ауылдық елді мекен қосылғанын, бұл ауыл халқының 97,5%-ын құрайтынын сөз етті. 14 ауылда мобильді байланысқа қосу жұмыстары жүргізілуде, ал халқы 100 адамнан аз 18 ауылды спутниктік OneWeb жүйесі арқылы қамту жоспарланған.

Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 192 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылмақ. 2026 жылдың соңына дейін өңірдегі 268 ауылда ТОБЖ іске қосылып, тұрғындар, мектептер, медициналық мекемелер және мемлекеттік органдарды жылдам әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз ететін болады», – деді Асет Отарбаев.

Оның айтуынша, цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласында да нақты нәтижелер беруде. Мәселен, рентген, КТ және МРТ талдау үшін жасанды интеллектті қолданатын PACS жүйесі енгізіліпті. Шілдеден бері шамамен 36 мың зерттеу жүргізілді, оның ішінде 34%-нде жасанды интеллект патологияларды анықтаған.

Ақтөбеде телемедицина да енгізілді: аудан тұрғындары облыс орталығының мамандарынан онлайн-кеңес алуда. «Яндекс.Карталар» арқылы бірінші санаттағы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын бақылау жобасы іске қосылды.

Өңір сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен Smart Data Ukimet негізіндегі аналитикалық шешімдерді енгізу бағытында әріптестік орнатқан. Бұл шешімдер ұлттық инвестициялық жобаларды мониторингтеуге, кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын талдауға, экологиялық жағдайды бақылауға және отын нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік салада «Отбасының цифрлық картасы» және азаматтардың өтініштерін автоматты түрде жіктейтін Е-Otinish жүйесіне жасанды интеллект модулі енгізілуде. Облыс әкімі Асхат Шахаров цифрландыруды қоғам дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Ол цифрлық технологиялар басқармасына салалық басқармалармен бірлесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді ескере отырып, облыстың цифрлық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдар бойында инфрақұрылыс салу үшін инвесторларды тарту және туристік аймақтарда сапалы интернеттің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Әкім кадр даярлау мәселесіне де баса назар аударып, жоғары оқу орындарымен, колледждермен және ІТ-орталықтармен бірлесіп, жасанды интеллект саласында мамандарды даярлау бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін алға тартты.