«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының өз кеңсесі ашылды

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының өз кеңсесі ашылды

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) кеңсесіне барып, басқарушы компанияның ұйымдастырушылық құрылымы, инвесторларды тарту жоспарлары және аумақты дамытудың негізгі кезеңдерімен танысты.

АЭА басқарушы компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Айғаринов әкімге аймақтың жұмыс істеу тұжырымдамасы мен инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады.

Бүгінгі таңда «Ақтөбе» АЭА-ны басқару үшін басқарушы компания құрылып, 15 қызметкерден тұратын штат жасақталды. Аймақ облыс орталығының оңтүстік бөлігінде орналасқан, жалпы аумағы – 858 гектар.

Бауыржан Айғаринов әкімге инженерлік инфрақұрылымның егжей-тегжейлі жоспарын да ұсынды.

Алдағы жылдары АЭА аумағында барлық қажетті инфрақұрылым салынады: электр қосалқы станциясы, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, газ құбыры, сондай-ақ жолдар мен теміржол тармақтары. Қосымша қосалқы аймақтарды енгізу арқылы аумақты ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда.

«АЭА аясында өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударылатын болады. Ол өңірдің жалпы өнеркәсіп көлемінің 41,3%-ын құрайды.

Айта кетейік, АЭА резиденттеріне 2049 жылға дейін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Оған КТС, мүлік салығы, жер салығы, жерді жалға алу төлемі, сондай-ақ жабдық пен шикізатты импорттаудағы ҚҚС пен кедендік баждан босату кіреді.

Асхат Шахаров «Ақтөбе» АЭА өңірдің басты инвестициялық алаңы болатынын атап өтті.

«Арнайы экономикалық аймақ – бұл жаңа инвесторларды тарту мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар жергілікті өнеркәсіпті дамытуға серпін. Маңыздысы – басқарушы компанияның жұмысы жүйелі түрде, нақты нәтижелер мен тұрақты дамуға бағытталуы тиіс», – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында облыс әкімі инвесторлармен тығыз үйлестіруді қамтамасыз етуді, инженерлік инфрақұрылымды пысықтауды әрі жерге орналастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.