
Ақтөбе облысында биылғы егін жинау науқанына қажетті ауыл шаруашылығы техникасы мен дизель отынының жеткілікті қоры қамтамасыз етілді. Шаруа қожалықтарына дизель отыны нарықтық бағадан 15 пайызға дейін төмен бағамен жеткізілуде.Өңірдегі күзгі дала жұмыстарына барлығы 8 000 тонна дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін оның бағасы литріне 278 теңгені құрайды.
Мұнай өңдеу зауытынан өңірге дизель отынын жеткізу кестесі тамыз бен қараша аралығындағы кезеңге бекітілді. Тамыз айына бөлінген дизель отыны Атырау мұнай өңдеу зауытынан «AZS-Lider» ЖШС операторы арқылы өңірге жеткізіліп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына таратылуда.Сонымен қатар, егін жинау науқанына шамамен 600 комбайн, 1500 трактор, 800-ге жуық трактор тіркемесі және 500-ге тарта жүк көлігін жұмылдыру жоспарланған.
Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері облыста 316 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы, соның ішінде 295 трактор мен 21 астық жинайтын комбайн сатып алынды.Биыл облыста жалпы ауданы 525 мың гектар жерден егін жинау жоспарланып отыр. Оның ішінде 435 мың гектарға дәнді дақылдар, 84 мың гектарға майлы дақылдар, ал 6 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілгенОсылайша, егін жинау науқанына қажетті негізгі ресурстар — ауыл шаруашылығы техникасы мен дизель отыны — жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді.