Облыс басшысы Оңдасын Оразалин кәсіпкерлікті дамыту жұмысын күшейтуді тапсырды.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин кәсіпкерлікті дамыту жұмысын күшейтуді тапсырды.
 
   Басқарма басшысы Тілеумұратов Нұрхан Жасұланұлы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында баяндама жасады.
  Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Биыл облыс бойынша «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламалары аясында 1572 жоба қолдау тапқан, бұл былтырғы жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24% -ға көбірек.
 «Дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қаржыландыру 2,4 млрд.теңгеден 3,3 млрд. теңгеге дейін өсіп, шағын және орта бизнестің 509 жобасы мақұлданды. Басқа өңірлермен салыстырғанда біздің облыс көш басында тұр. Дегенмен Хромтау, Алға, Мәртөк, Темір, Қарғалы аудандарында жоспардың орындалуы қаматамасыз етілмеген. Ырғыз, Темір, Қарғалы аудандары қолда бар қаржы құралдарын толықтай пайдаланып отырған жоқ»,- деген Нұрхан Тілеумұратов Ақтөбе қаласының әкімдігіне екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастықты, жобаларды қолдау жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
  Өңірде кәсібін жаңадан бастағандарды қолдаудың тиімді шаралары қабылданып жатыр.
Биыл облыс басшылығының қолдауының арқасында 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар ұсыну байқауын қаржыландыру 40 млн теңгеден 140 млн теңгеге дейін артты. Байқау қорытындысы бойынша өңірдің 34 тұрғыны грант алды. Жеңімпаздар арасында 29 жасқа дейінгі 14 бастаушы кәсіпкер, 6 көп балалы аналар бар.
  Жобалардың толық іске қосылуы еркін бизнес сегменттерінің дамуына ықпал етеді, атап айтқанда, Қарғалы ауданында шеге өндірісі жолға қойылып, Ақтөбе қаласында жиһаз шығарылатын болады, Қобда мен Ойыл аудандарында экотуристік нысандары ұйымдастырылмақ және т.б.
  Сондай-ақ, жыл басынан бері өңірлік үйлестіру кеңесі 840 млн теңгеге 17 жобаны мақұлдады. 15 жобаға бюджет есебінен 262,7 млн.теңгеге жетіспейтін инженерлік инфрақұрылым тарту түрінде қолдау көрсетілді.
  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап 51,5 млрд. теңгеге 193 жоба, «Еңбек» бағдарламасымен 4,7 млрд.теңгеге 953 жоба, соның ішінде Ақтөбе қаласы мен Хромтау моноқаласы моноқаласы бойынша 916,1 млн. теңгеге 108 жоба, ауылдық елді мекендерде 3,7 млрд. теңгеге 845 жоба мақұлданды. Ауылдық жобаларды несиелеуге бөлінген қаражат толықтай игерілді.
  Жиын барысында Облыс басшысы Оңдасын Оразалин: «Барлық аудандардағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын күшейту керек. Әкімдер бұл сұрақты бақылауға алып, өз жобаларының іске қосылу сәтінен бастап толықтай қолдау көрсетілуін ұйымдастырулары тиіс. Бұл сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесу үшін қайтарымсыз грант түрінде қаражат бөліп отыр, бақылауға алып, олардың жобаларының жүзеге асырылуын қолдау көрсету, кәсібін енді бастаған кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру қажет»,- деп тапсырып, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне осы тапсырма орындалмаған жағдайда жеке бастарымен жауапты екендерін еске салды.