Бұл құрал микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Жеңілдетілген несиелеу үшін басымдық берілетін экономиканың салалары – өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау. Жеңілдікті кредиттеудің жаңа бағдарламасы бойынша түпкі қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6% -дан аспайды. Жаңа бағдарламаның облыста жүзеге асырылу тетіктері жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Ниязова айтып берді.
«Өрлеу» бағдарламасы бойынша жалпы қаражат көлемі 750 млрд теңге болады, оның 300 млрд теңгесін «Даму» қоры бөледі, ал 450 млрд теңге екінші деңгейлі банктер тарапынан бірлесіп қаржыландыру аясында тартылады. Бағдарлама инвестициялық мақсаттарға жеңілдікті қарыз беруді, айналым қаражатын толықтыруды және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруды көздейді» - деді спикер.
Айнагүл Ниязованың айтуынша, бағдарламаға қатысатын жоба талаптарға сай болса, «Даму» қорының кепілдігін де алуға болады. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкімет қаулысына сәйкес, биылғы жылдың сәуір айынан бастап «Даму» қорының базасында екі Кепілдік қоры құрылған. 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Ақтөбе филиалы жалпы құны 3,8 млрд теңге болатын 42 жобаға кепілдік берді. Оның ішінде берілген кепілдіктердің жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрады.