Қарғалы ауданындағы бес ауылдық округте алғаш рет асфальт жолдар төселуде
2025 жылы Қарғалы ауданында ауқымды жол жөндеу жұмыстары басталды — бес ауылдық округте алғаш рет асфальт жолдар төселуде.
Петропавловка ауылында Қарғалы және Абай көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 330 миллион теңгеден асады. Мердігер – «DEN-Group Plus» ЖШС, бұл компания Қос-Істек ауылында да жол жамылғысын жөндеумен айналысуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 240 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Ең ірі жоба — Донское – Бадамша – Қайрақты бағытындағы аудандық маңыздағы автожолға орташа жөндеу жүргізу. Бұл трасса Ақтөбе және Орск қалаларымен асфальтталған байланысты қамтамасыз етеді. Жөндеу жұмыстарын Шымкент қаласындағы «Нұрлы Жол-7» ЖШС жүргізуде, келісімшарт сомасы — 668 миллион теңге.
Сондай-ақ, Қайрақты ауылына кіреберіс жолды жөндеуге 110 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмысты «Агрофирма Коквест» ЖШС атқаруда.
Кемпірсай ауылында орталық көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 34 миллион теңге қарастырылған. Мердігер — «TaF Company» ЖШС.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Өтегеновтың айтуынша, аталған бес жобаның барлығын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Қайрақты ауылына кіреберіс жол мен Кемпірсай ауылындағы орталық көше бойына асфальт төсеуге арналған негіз дайындалды», — деді ол.