Аудан әкімдігінде Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын қолдау мақсатында 2025 жылғы жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтырылуын, демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық ведомствоаралық штабтың отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімінің орынбасары төрағалық етіп, білім беру, прокуратура, ішкі істер, мәдениет, спорт және ішкі саясат бөлім басшылары, сондай-ақ мектеп директорлары қатысты.
Жиында жазғы маусымда балаларды лагерьлерге жіберу, денсаулығын нығайту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды қамту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы, экскурсиялар мен спорттық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жайы қозғалды.
Штаб мүшелері барлық шаралар балалардың қауіпсіздігі мен демалысының тиімді өтуіне бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.