Диқаншылар көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шараларына кірісті.
Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы — 756,5 мың гектар. 446,3 мың гектар жерге — дәнді, 62,2 гектарға — майлы, 11,2 мың гектарға картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының дәні себілсе, 236,8 мың гектар аумаққа мал азығы егіледі.
Биылғы жылы көктемгі егіске ауыл шаруашылығы дақылдарының 49,9 мың тонна тұқымы қажет, бүгінгі таңда соның 45,8 мың тоннасы қамбаға салынды. Егіс жұмыстары шамамен мамыр айының ортасында басталады. Оған дейін шаруашылықтарды тұқыммен толық көлемінде қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бұған қатысты барлық мәселенің жауабы шешілді. Майлы дақылдардың тұқымы жеткілікті.
«Дәнді дақыл егісін қай кезден де көбірек салатын — Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандары. Егістіктердің негізгі үлесі, яғни 76,2 пайызы осы аудандарда орналасқан. Облыс бойынша дәнді дақылдар түсімі гектарына 10,4 центнер болса, Қарғалы ауданындағы шаруалар 1 гектардан 14,7 центнер өнім алды. Қобда ауданы гектарынан - 11,8 центнер, ал Хромтау ауданы 11,7 центнер жинады», - деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев.