Аманғос Төлеуов жерлестеріне қолдау білдірді

Аманғос Төлеуов жерлестеріне қолдау білдірді

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Қобда және Ойыл ауданының шаруашылықтарына алғашқылардың бірі болып Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС көмек қолын созды.

Серіктестік директоры, «Отан» орденінің иегері Аманғос Төлеуов қиын жағдайда қалған мал өсірушілер мен ауыл тұрғындарына 100 тонна тұқымдық бидай, 100 тонна тұқымдық арпа, сондай-ақ егіс салу үшін 50 тонна судан шөбінің тұқымын берді. Сондай-ақ 200 қой және 50 баспақ бөлді.   

«Біз бәріміз де экономиканың бір тармағында еңбек етудеміз, сондықтан да ауыл тұрғындарының қазіргі ауыр халін жақсы түсінемін. Халықта «Көктемнің бір күні — жылға азық» деген сөз бар, сондықтан табиғаттың тосын мінезіне торығып қалмай, алдағы тіршілікті жасаған жөн. Бұл ретте барлық агротехникалық шараларды мерзімінде атқарып, келер жылға мол өнім алуға ұмтылыс жасаған тиімді екенін айтқым келеді. Біз қолдан келген көмегімізді жасадық, ендігі өтініш — берілген мал мен тұқымның комиссия шешімімен әділ бөлінуі», — дейді Аманғос Төлеуов.