АНА СҮТІ БОЙ ӨСІРЕДІ…

АНА СҮТІ БОЙ ӨСІРЕДІ…

Халқымызда ежелден келе жатқан «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді»деген қанатты сөз бар. Алайда, қазіргі заманның аналары ұрпағын қоспа сүтпен қоректендіруге бейім кезде дәрігерлердің кеңесі керек-ақ. Осы орайда, жыл сайын 1 - 7 тамыз аралығында бүкіл әлемде ана сүтін еметін балалардың денсаулықтарын нығайту үшін, баланы емізуді насихаттауға бағытталған Дүниежүзілік бала емізу апталығы өткізіліп келеді.
Осындай енжарлықтың алдын алу мақсатында медицина мамандары аналар қауымына түсінік жұмыстарын жүргізуден кенде емес. Тамыздың алғаш күні «Дүниежүзілік емізу апталығына» орай аудандық емхананың отбасын жоспарлау мектебінде аудандық аурухананың неонатолог дәрігері Райса Қайсарова бір топ аналарға ана сүтімен қоректендірудің пайдасы барысында түсінік жұмысын жүргізген болатын.
Дәріс барысында жалпы ана сүтімен баланы емізудегі сәбидің дене бітімі мен ой санасының толыққанды дамуы, анасының да денсаулығына оңды әсер етуі сынды т.б. ана мен балаға қажетті ең маңызды кеңестерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, дәріске қатысқан болашақ жас аналар арнайы маманға өздерін толғандыратын сұрақтарын жолдап, тиісті жауаптарын да алды. Осылайша, ана мен бала тақырыбындағы жиында аналар қауымы да дәрігерлерге ризашылықтарын жеткізіп тарасты.