«Ұстаз аты - биік әрі мәңгілік»

«Ұстаз аты - биік әрі мәңгілік»

Ұстазға құрмет қашанда жоғары. Адамзатты білімге ғана емес сонымен бірге адамгершілікке тәрбиелейтін ұлағатты ұстаздардың төл мерекесі ауданымызда 5 қазан күні салтанатты түрде аталып өтті. Мәдениет үйінде өткен «Ұстаз аты - биік әрі мәңгілік» атты мерекелік жиынға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев қатысып, білім беру саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Сонымен бірге аудан басшысы жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру жолында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан ардагер ұстаздарға сый-құрмет көрсетті.

-Сіздер күн сайын балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың дарындарын ашуда, құндылықтарды бойларына сіңіруде талмай еңбек етіп келесіздер. Осындай мерейлі мереке күні ауданның барлық білім беру саласы қызметкерлеріне ризашылығымды және ыстық ықыласымды білдіргім келеді. Педагогикалық еңбек ардагерлеріне де алғысым шексіз. Сіздердің көп жылғы даналықтарыңыз, еңбектеріңіз кейінгі буын ұстаздар үшін үлкен үлгі-өнеге. Жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім саласын дамытудағы ақыл-кеңестеріңіз қашанда құнды. Ұрпақтар сабақтастығы қай кезде де маңызды және өз жалғасын таба бермек,- деп атап өтті аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Ұстаздық мамандықтың қадір-қасиетін осы бір ауыз сөз жеткізіп тұрғандай. Бала бойына барлық жақсы қасиеттерді дарытып, өмірдің биік шыңына қарай жетелейтін ұстаздар қауымына артылар жүк салмағы әлі де жоғары. Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру идеясын жүзеге асыруда білім беру жүйесінің орны ерекше. Осыған орай білім беру саласына да жаңа талаптар жүктеліп отыр. Аудандағы ұстаздар қауымы болашақта да өз еңбектерімен еліміздің дамуына үлес-терін қоса береді деген сенімдеміз.