Ән падишасы құрметтелді

Ән падишасы құрметтелді

Тірі болғанда биыл 92жасқа толатын «ән падишасы» ұлықталды. Шәмші, Шәмшінің әні десе ішкен асын жерге қойып, құлақ түрмейтін жан жоқ десек артық айтқандық емес. Шәмші ағаның әндерінің құдіретіне тәнті болғандардың құрметі ерекше.

Елмен бірге жылда біздің ауданда да құрмет көрсетіліп келеді. Сол құрметті дәстүрге айналдырып келе жатқан Желтау ауылдық округіне қарасты Шәмші ауылының тұрғындары да осы аптаның дүйсенбісінде елі ұлықтаған ән падишасының әуенін ауылдарында қалықтата, құрмет көрсетті.

Жылдағы үрдіс бойынша Шәмші ауылына ән падишасы, еңбек ері, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың тұстастары, көзін көре қалған тұлғалар Шәмші танушылар жан-жақтан бас қосты. Бүгінгі Шәмші ауылына жиылған қонақтарды қарсы алған аудан жұртшылығы атынан аудан әкімінің орынбасары Индира Сакауова кіріспе сөзімен ұлы сазгерге деген ықылас пен ізгі ниетін жеткізді.

Жиылған жұртшылық ауылдағы саябақтағы ұлы сазгердің бюстісіне гүл шоқтарын қойып тағзым етісті. Қазақстанға танымал күйші Шәмші ағаның досы Шәміл Әбілтаев, есте қалар естеліктеріне тоқтала, жаңа әндердің тұсауын кесті. Ұлы композиторға өлеңнен шашу шашып жүрген ақын Базарбай Имам, жырау Демеубай Жолымбетов естелік әңгімелерімен бөлісті. Ауданға танымал Шәмші ағаны дәріптеуші облыстық Шәмші қорының төрағасы Бақыт Ғизатовта өз ойларын жеткізе кетсе, тарихшы, өлке-танушы, Баянғали Култаевта өз кезегінде сөз алды. Аудандағы Шәмші қорының төрағасы, Шәмші ауылының азаматы, ауылдағы қандай да болмасын іс-шараның ұйытқысы Қайырғали Арыстанғалиев сазгердің туған күніне алыс-жақыннан арнайы келген қонақтарға жылдағы қонақжайлылық салтымен сый-сияпатын тарту етті. Сонымен қатар Шәмші ағаның замандасы бірнеше күйдің авторы Шәміл Әбілтаевтың иығына аудан әкімі жолдаған шапан жабылып құрмет көрсетілді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Шәмші аға әндерінен шашу шашып, Шәмші ауылын әсем әнге бөлеген ұлы сазгерді ұлықтау сәті, мерекедегідей өтіп, ауылдықтар биылда әсем ән әуеніне шаттана тарасты.