Ең төменгі жеткіліктілік шегі қалай есептеледі?

Ең төменгі жеткіліктілік шегі қалай есептеледі?

2021 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделудің ақысын төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы берілді.

Бұл құқықты зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегінен (әрі қарай – ТЖШ) асатын және болашақта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беретін жинақтарын қалыптастырған салымшылар пайдалана алады. Азаматтардың пайдалануы үшін қолжетімді зейнетақы жинақтары тек міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын ғана емес, сондай-ақ, оларды инвестициялаудан алынған инвестициялық табысты да қамтиды.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында:  «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілігінің шегі - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері» деп айқындалған.

ТЖШ айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтырулармен) бекітілген.

Әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері әрбір жас ерекшеліктері үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі.

Сондай-ақ, әдістемеге сәйкес ТЖШ анықтау үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша жыл сайынғы негізде қабылданатын көрсеткіштер пайдаланылады.

2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан (атап айтқанда, ЕТЖ мөлшері 2021 жылы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өсті.) 2022 жылға ТЖШ мөлшері де көбейтілді. Аталған мәлімет төменде көрсетілген:

 

 

 

Жасерекшеліктері

ТЖШ, теңгемен

20

         3 140 000  

21

         3 250 000  

22

         3 370 000  

23

         3 490 000  

24

         3 610 000  

25

         3 730 000  

26

         3 860 000  

27

         3 980 000  

28

         4 110 000  

29

         4 240 000  

30

         4 370 000  

31

         4 510 000  

32

         4 640 000  

33

         4 780 000  

34

         4 920 000  

35

         5 060 000  

36

         5 200 000  

37

         5 350 000  

38

         5 490 000  

39

         5 640 000  

40

         5 790 000  

41

         5 950 000  

42

         6 100 000  

43

         6 260 000  

44

         6 420 000  

45

         6 580 000  

46

         6 750 000  

47

         6 920 000  

48

         7 090 000  

49

         7 260 000  

50

         7 430 000  

51

         7 610 000  

52

         7 790 000  

53

         7 970 000  

54

         8 150 000  

55

         8 340 000  

56

         8 530 000  

57

         8 720 000  

58

         8 920 000  

59

         9 120 000  

60

         9 120 000  

61

         9 120 000  

62

         9 120 000  

 

 

 

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).