Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.
Қылмыстық сот ісін жүргізу Қазақстан Республикасында қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі,
ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдіктіге (айыпталушыға) оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал қажет болған кезде іс жүргізуде орыс тілі немесе басқа да тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар (лауазымды тұлғалар) әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, олардың мүдделерін қорғауды осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етуге тиіс.
Заңнамаға сәйкес сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін іске қатысатын адамдар ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер беру, сотта сөз сөйлеу құқықтарымен қамтамасыз етіледі.
Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілді түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.
Заңнаманың талаптарына сәйкес, аудармашы ретінде іске қатысып отырған органдар мен адамдардан қызмет бабы бойынша тәуелсіз, іс үшін маңызы бар мән-жайларды аударуға біліктілігі жеткілікті мүдделі емес адам тартылады.
Сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаруға және істі мемлекеттік (қазақ) тілде қарауды жалғастыруға құқылы.
Процеске қатысушылар іс бойынша жасалған процестік іс-әрекеттерге, сондай-ақ іс бойынша шығарылған сот актілеріне, шағымдар (наразылықтар) келтіргенде іс бойынша белгіленген сот ісін жүргізу тілі туралы талапты сақтауға міндетті.
Бұл талап сақталмаған жағдайда келтірілген шағымдар (өтінішхаттар, наразылықтар) процестік заңнаманың нормаларына сәйкес-тендіру үшін кері қайтарылуға жатады.
Сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманың талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Айман Файзуллина,
аудандық сот кеңсесінің бас маманы - сот отырысының хатшысы.