МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ: ШЕКТЕУСІЗ КӨМЕК ЖАСАУ — ПАРЫЗЫМЫЗ

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ: ШЕКТЕУСІЗ КӨМЕК ЖАСАУ — ПАРЫЗЫМЫЗ

Қоғамымыз ілгері дамыған сайын әлеуметтік мәселелерді түбегейлі шешудің маңыздылығы арта түсуде. Сондықтан да мемлекетіміз тарапынан бұл салаға айырықша көңіл бөлінуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі» деп атап көрсетті.

Біз осы бағытта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы Жайна Спановамен сұхбаттасып, атқарылып жатқан істер жөнінде білгенбіз.

— Жайна Елемесқызы, халық арасында бұрыннан «Бірінші байлық — денсаулық» деген өмірдің өзінен алынған тағылым бар. Өкінішке орай, айналамыздағы адамдардың барлығының бірдей дені сау деп айтуға болмайды. Әр түрлі ауру-сырқау жандарды айтпағанның өзінде, мүгедектік маңдайына жазылған жандар да аз емес. Біздегі ахуал қандай?

— Ең алдымен айтарымыз — денсаулығы кемшін, тағдыр тәлкегіне тап болған мүгедек жандар да қоғамымыздың толық құқылы мүшесі. Сондықтан да олар жалпы жұртшылықпен бірдей әлеуметтік игіліктерді көруі, өзіне қоғам қамқорлығын сезінуі тиіс.  

Біздің бөлімде барлығы 493 мүгедек жан тіркелген болса, олардан 34 адам — бірінші, 179 адам — екінші, 218 адам — үшінші топтағы адамдар, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар қатарына жататындар саны —  62.

Олардың барлығы да есепте тұрумен қатар, мемлекет тарапынан белгіленген көмек-қолдауларды, жеңілдіктерді алып келеді.

— Сондай көмектер туралы нақтылап айтып кетсеңіз.

— Мәселен, жыл басында мүгедек жандардың барлығы бірдей электрондық цифрлық қолтаңба ашты. Бұл арқылы өздеріне тиесілі техникалық көмекші құралдарын әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы таңдап, тапсырыс беріп және көмекші құралдарды уақытында алып отыр.

Егер әлде де нақтылап айтар болсақ, 102 мүмкіндігі шектеулі жан гигиеналық құралдарын алып тұрады, бүгінгі күні әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы 99 адам осы мүмкіндікті пайдаланды. 

Протездік-ортопедиялық құралдар бойынша сұраныс жақсы орындалуда

деуге болады. Осы бағыттағы 94 адамның бүгінгі күні 71-і бұл көмек түрін алды. 

Тифлотехникалық құралдар бойынша айтатын болсақ, бұл ауқымда 39 мүмкіндігі шектеулі жан бар, бүгінгі күні 27 адам тиісті көмек түрін алды.

Сурдотехникалық құралдар бойынша да 5 адамға қызмет көрсетілді.

— Мүгедек жандардың санаториялық-курорттық емделуі бойынша не айтар едіңіз?

— Сырқат жандардың ретіне қарай санаторияға, курортқа барып емделуі оларға күш-қуат беретіні, денсаулығын нығайтатыны айқын. Сондықтан да бұл мәселеде оң өзгерістер болғанын қолдаймыз. Бүгінгі күнге барлығы 66 мүмкіндігі шектеулі жан әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беріп, брон жасады.

Он алты адам осындай емделу-тынығу орындарына барып келді. Негізінде мүгедектігі бар сырқат жандардың жүріп-тұруы, жолға шығуы оңай еместігі белгілі. Оларға жан-жақты жағдай жасалуы тиіс, кейде өздерімен бірге көмекші адам қажет болады. Осындай әр түрлі себептер бойынша сегіз адам жолдамадан бас тартты. Бұл ретте көзделген жоспардың барлығы 39,4 пайызы орындалды.

— Басқа да көмек түрлері туралы айтсаңыз.

— Жиырма бес мүмкіндігі шектеулі адамға жеке көмекші қызметі және он бес адамға ымдау тілі маманы қызметі бойынша  әлеуметтік портал арқылы 100 пайыз орындалды. Арнайы жүріп-тұру құралдарына 11 мүгедек адам қажеттілік білдірсе, оның 9-ы қазір соның игілігін пайдаланып отыр.

Ауданда инватакси қызметі 2 селолық округте қызмет көрсетеді. Яғни, Бадамша және Желтау селоларында мүгедек жандарға қатынас мүмкіндігі жеңілдетілді. Бұл қызмет бойынша әзірге 47 адам хабарласты.

Өткен айда Конституция күніне орай аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес біржолғы әлеуметтік төлем ретінде 465 адамға 50 мың теңгеден көмек  тағайындалып, төленді.

Әрине, бұл айтып отыргандарымыз атқарылған шаруалардың бірқатары ғана. Алда да белгіленген жоспарлар бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек-қолдау қай уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Сұхбаттасқан:

Бақыт ИМАШЕВ.