Қарғалы өңіріне келген бір топ ақтөбелік суретшілер аудандық музейге ат басын тіреді. «Ақтөбе – суретшілер көзімен» атты облыстық симпозиумге қатысушы суретшілердің бір тобы Қарғалы өңірінің табиғатын таңдаған. Аудандық музей қызметкерлері ақтөбелік суретшілерді жылы лебізбен қарсы алып, оларға шығармашылық шабыт беретін көрікті табиғат аясына саяхат жасады. Әсіресе, «Мылқау ауыл» деп аталып кеткен жердің көз тоймас әсем табиғаты қылқаламды серік еткен өнер адамдарына ерекше шабыт берді. Кәсіби суретшілер Айдар Еспаев, Манас Кожакулов, Марат Габдрахманов, Қыдырберген Нұрқасым сол жердің табиғатына тәнті болып, көрікті жерлерін санамен саралады. Қарғалының тамсандырар тамаша көрінісін кенеп бетіне бейнелеп, айналадағы көз тоймас кереметті қылқаламмен өрнектеді. Түкті кілемдей құлпырған жота, сылдырай аққан бұлақ, жасыл құрақ суретші көзімен бейнеленіп, сырлы бояумен суреттелді.
Аталмыш іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және алда келе жатқан Конституция күніне арналды. Суретшілердің қолынан шыққан көркем туындылар, ауданымыздың көрікті табиғаты облыстық өнер музейінің сөрелерінен орын алмақ. Осылайша талғампаздықпен, шеберлікпен, терең қиялмен, ойлы да мағыналы салынған туған өлке табиғатын бейнелеген бұл суреттер өңір тарихынан сыр шертпек.
Ирина Қоспағанбетова.