
Қарғалы өңірінің тарихы тереңде жатыр. Туған жердің әр тасы, әр белесі, әр мекені тереңіне үңілсе көне тарихтан сыр шертеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық музей қызметкерлерінің көпшілікке ұсынар қызықты деректері көп.
Ескі заманның тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін, сол кезеңдегі өмірді көз алдыңа әкелетін түрлі құрал-жабдықтар мен заттарды көзбен көргенге не жетсін. Алайда, әлемді шарпыған індеттің кесірі бұл салаға да өз кедергісін келтіріп отырғаны жасырын емес. Солай десек те, тығырықтан шығар жол таба білген музей қызметкерлері бүгінде өз жұмыстарын жаңаша ұйымдастырып, өңір тарихына қызығушылардың сұранысын қанағаттандыруда.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова Қарғалының киелі жерлеріне онлайн саяхат жасап, көне тарихты көз алдымызға әкелді. Солардың бірі - Ақ жайық елді мекенінен 16 шақырым қашықтықта орналасқан «Гүрілдек бейіті». Сондай-ақ, осы Гүрілдек маңынан табылған қыш құмыралар мен оның бөліктері, зергерлік бұйымдар, қоладан жасалған жебе ұшы сияқты көне жәдігерлер тарихтан сыр шертіп тұр.
Тағы бір қасиетті мекеннің бірі - 19-ғасырға жататын Нұрпейіс хазірет мешіті. Бұл Қарабұтақ ауылында орналасқан. Нұрпейіс хазірет – белгілі дінбасы, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама ғалым. Ол Құнанбайдың замандасы болған. Заманында патшаның қабылдауында болып, мешіт салуға рұқсат алған адам.
Сонымен бірге 16-17-ғасырлардан сыр шертетін «Қызылтам» мавзолейі. Бұл тарихи орын ел ішінде «Қыз әулие» деп аталып кеткен. Аталмыш тарихи орындардың көне терихтан берері мол. «Қызылтам» кесенесі – Қос Естек ауылында орналасқан, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, орта ғасыр дәуіріне жататын сирек кездесетін кесене.
-«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі» -
деп атап айтқан болатын Елбасы өз сөзінде. Сондықтан да осындай орындарды білуіміз көптеген нәрсені үйретіп, олардан қажетті өмірлік қуат алуға мүмкіндік беретіндігін түсінуіміз қажет. Сонымен бірге кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына да осындай ұлттық қасиетті орындарды, тарихымызды сіңіре түскеніміз абзал. Сол арқылы оларды өз елін, өз жерін Отанын сүюге, құрметтеуге тәрбиелей аламыз. Өңіріміздің қасиетті,
киелі жерлеріне онлайн саяхаттың мақсаты да осы, - дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми
қызметкері Қымбат Тасымова.
Музейге онлайн саяхат кезінде орта ғасырлардан сыр шертетін түрлі бұйымдар да көрсетіліп, олардың мән-мағынасына шолу жасалды.
Ирина Қоспағанбетова.