Жанұяның тірегі

Жанұяның тірегі

Еліміз үшін биылғы жылдың орны бөлек. Олай дейтініміз, қымбат та қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Отан - отбасынан басталады
десек, елімізде соңғы көп жылдан бері «Мерейлі
отбасы» өтіп келеді. Байқау ауыл-аймақта басталып, аудан, облыс, одан әрі жеңімпаздар республикалық сайыста бақ сынайды. Тақырып айқындап тұрғандай 2017 жылдан бері ауданда жеңімпаз атанғандарды өткеннің белгісіндей оқырмандарымыздың есіне салғанбыз.Мынау жарық дүниеде өмірге келіп, бар мәнді де мағыналы ғұмырын еңбекке арнаған мерейі мен мәртебесі биік жандар жетерлік. Алайда, соны кейінгілерге үлгі етіп жеткізу бір басқа. Аталмыш байқау арамызда жүрген жандардың өмір өткелін өрнектеуге септігі мол болып келеді.
Өз өткелін жастарға үлгі еткен жанұяларды газетіміздің өткен номерлерінде таныстырған болатынбыз. Осы жолғы сөз етпегіміз, 2019 жылғы аудандық байқауының жеңімпаздары туралы бір үзік сыр.
Осы жылғы байқаудың 1-орыниегері Кенжеғұл Тайбағаров - 1958 жылы туған, Семей полигонына қатасушы. Ленин ауданы Қарабұтақ ауылының тумасы. 42 жыл еңбек өтілі бар мұғалім, 3 баланың әкесі, 6 немеренің атасы. Жетістігіне демеу болған жары Алма Тайбағарова да білім саласының маманы.
Байқаудың 2-орын жеңімпазы Мұхамбет Бекибаев - 1949 жылы туған, зайыбы Рысты 1954 жылы туған зейнеткер. 4 баланың рахатын көріп, 5 немере мен 2 шөберенің шаттығына бөленіп отырған жандар.
Жүлделі 3-орынды тең бөліскен қос отбасы ауданға танымал, тетелес, үзеңгілес, сәлемдері түзу Қарғалының қос ұлы Айжарық Сибағатов пен Сағынтай
Даулетов жайлы айтар болсақ бір газет те аздық етеді. Екі ел ағасы да ауданға өзіндік айтарлықтай еңбегі бар жандар. Бүгінгі таңда да ауылдастары үшін аттан түспей еңбек етіп жүрген ардагерлер. Екі ел ағасының әркез қолдаушы, демеуші жұбайлары Валентина Сибагатова мен Ұлдай Даулетова. Ұлағатты, жоғары білімді ұл мен қыздың абзал аналары, немере жиендерді аялаған әжелер.
Аты аталған жандар 2019 жылдың жеңімпаздары кезінде марапаттарын алып, елге үлгілі өмір өткелдерін жеткізе білді.
Еліміздің басты байлығы адам екенін дәлелдейтін «Мерейлі отбасы» байқауы қатарлас жүрген ауылдастарының өмір өткелін танытар байқау болып жалғасын әлі тауып келеді.

Бақыт Имашев.