Ана мен балаға көмегі зор

Ана мен балаға көмегі зор

Көп балалы отбасыларын қолдау мақсатында елімізде амал-шаралар жетерлік. Солардың бірі атаулы әлеуметтік көмек. Осы бағытта жасалып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын сұраған тұрғындардың өтінішін орындау мақсатында аудан әкімдігі жанындағы жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек кеңесшісі Шамбаева Эльмира Боранбайқызын әңгімеге тартқан болатынбыз.
- Мемлекеттік атаулы әлеу-
меттік көмек қашаннан бері жүзеге асырыла бастады және ол кімдерге тағайындалады?
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында ашықтықты, әділеттікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін түзетуді тапсырған болатын. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) шаралары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асып келеді. АӘК әлеуметтік жағдайы
төмен отбасыларға төленеді. Ең аз күнкөріс деңгейінің
70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. АӘК мөлшері отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әр бір мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңге-
йінің 70%-ның арасындағы
айырманы құрайды. Тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай төлемдер түрінде және өз ісін бас-
тауға оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға ықпал етеміз.
- Тек осы көмекке қарап қалмай отбасын асыру үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
- Еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының барлық механизмдері пайдаланылатын болады. Жеке кәсіппен айналысуға ынталылар үшін жеңілдетілген микрокредиттер мен бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар ұсынамыз. Бүгінгі күнгі еңбек нарығында сұраныс болмай отыр-ған мамандық иелерін қайта оқытамыз, яғни кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз. Бұған дейін аналар 7 жасқа де-
йінгі бала күтімімен отыра алатын болса, осы жылдан бастап бұл норма Еңбек кодексіне сәйкес 3 жасқа дейін қысқартылды.
- Әлеуметтік көмек берудің басқа қандай түрлері бар?
- Сонымен қатар, негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеу-
меттік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа де-
йінгі балаларға арналған. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап
Әлеуметтік қызметтер порталы пилоттық режимде іске қосылды, АӘК-ке өтініш берушілер осы портал арқылы кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға өтінім жіберу міндетті болып саналады. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық тауарлары қарастырылған. Азық-түлік тауарлары түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. қамтиды. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Тіс пастасын, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдары қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеу-
меттік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі.
- Осындай көмектерді ал-
ғандар жайлы да айтып өтсеңіз.
- Жыл басынан бері Қарғалы ауданы бойынша 56 отбасы, оның ішінде 258 адам атаулы әлеуметтік көмекті алып келеді. Атап айтсақ, Бадамша ауылдық округі бойынша - 18 отбасы, 77 адам; Желтау ауылдық округі бойынша – 21 отбасы, 107 адам. Қос Естек ауылдық округі бойынша – 11 отбасы, 46 адам, Степной ауылдық округі бойынша – 5 отбасы, 24 адам, Ащылысай ауылдық округі бойынша – 1 отбасы, 4 адам. Аталмыш округтер бойынша жалпы 71 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілді. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш «E-gov.kz» электронды үкімет порталы арқылы қабылданады.

Әңгімелескен
Бақыт Имашев.