СКАЛЬПЕЛЬДІҢ ҰШЫНДА – АДАМ ӨМІРІ

СКАЛЬПЕЛЬДІҢ ҰШЫНДА –  АДАМ ӨМІРІ

ТАЛҒАТ ЖОЛДЫБАЙ ХИРУРГ БОЛҒАНЫНА ӨКІНБЕЙДІ. ДӘРІГЕР БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС, БҰЛ МАМАНДЫҚ МҰҚИЯТ БОЛУДЫ, ҮНЕМІ ТЕРЕҢ БІЛІМДІ ЖЕТІЛДІРУДІ, ӘРТҮРЛІ ӘДІСТЕМЕЛЕРДІ МЕҢГЕРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ.

Кішкентайынан дәрігер болуды армандаған Талғат Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап шықты. 2018 жылы Ақтөбе қаласы Теміржол ауруханасында кіші медицина қызметкері, 2019 жылы Ақтөбе қаласы №1 қалалық ауруханасында жедел жәрдем бөлімінің фельдшері болып тәжірибеден өтті. 2020 жылдың тамыз айында жас маман – дәрігер-хирург Талғат Жолдыбай Қарғалы аудандық ауруханасына жұмысқа келді.
Оның айтуынша хирург дәрігер болу, бала кезінен арманы болатын. Университеттегі оқудың бірінші курсынан бастап мақсатты түрде өз арманын орындауға бел буды. Профессор, ұстаз дәрігерлер орындаған операцияларға үзбей қатысып, түнгі кезекшіліктерді де өз қалауымен алып жүрді. Ондағы ойы осы күрделі де жауапкершілігі мол мамандығының қыр-сырын ұғынып, түсініп алу болатын.
Студент кезінен жыл сайын аудандық ауруханалардан тәжірибеден өтуге сұранысты өзі жасайтын. Бұл жағдай оның жұмыс орнын таңдауда маңызды рөл атқарды. Қызметке келген аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде оны жақсы қарсы алды. Бөлімше меңгерушісі, хирург-дәрігер Бақытбек Уақбаев жас маманға өзінің бойындағы білімі мен іскерлік қасиеттерін үлгі ете білді. Аға әріптестер жас маманға кеңес берді және барынша қолдау көрсетті.
Аудандық ауруханада хирургтың жұмысы үнемі қарбалас сәттерден тұрады. Дәрігерді шұғыл операцияға шақыруы мүмкін. Тосын жағдайда жарақат алып қалғандар болса оған да хирург-дәрігердің көмегі керек болып жататыны рас. Түнгі кезекшіліктің де мазасыз өтетін кездері көп. Осындайда науқастардың көңіл-күйлерін тауып, оларға жәрдемін беруден еш шаршаған емес.
-Өзімнің дәрігерлік, оның ішінде хирургия мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Адамдарға қол ұшын созып, олардың аурудан айығып кетуіне септігімді тигізсем деп ойлаймын. Скальпельдің ұшында – адам өмірі тұрады. Сондықтан барынша мұқият болу керек. Науқас жандарға дәрігерлік көмекпен қатар жылы сөз де көп жәрдемдеседі. Сондықтан да олармен жақын сөйлесіп, жүректеріне жылы шуақ құйғым келеді, - дейді адам жанына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жан Талғат Жолдыбай.
Қиындықтардан қорықпай, өмірін сеніп тапсырған науқастарға көмектесуге бар күш-жігерін жұмсап еңбек етіп жүрген жас маманның алар асулары әлі алда. Өмір бір орында тұрмайды, медицина ғылымы алға жылжуда. Сондықтан да дәрігер өзіннің білімі мен тәжірибесін кеңейтуді мақсат етіп қойған. Әлі де үйренері көп, мамандықтың барлық қыр-сырын білу үшін үнемі арнайы әдебиеттерді оқуды әдетке айналдырған. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман Талғат Жолдыбай емделушілерден үнемі алғыс алып жүр. Айналасындағы жандарға өмір сыйлап жүрген ақ халатты дәрігердің еңбегі жана берсін демекпіз.

Набатхан ПЕРЛЕПЕСОВА.