Отан – отбасынан Басталады

Отан – отбасынан  Басталады

Бірінші Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылдың 6 желтоқсанындағы Өкіміне сәйкес, ауыл-аймақта жылда «Мерейлі отбасы» конкурсы ұйымдастырылып, жеңімпаздар аудан, облыс, республикалық додада бақ сынасады.

Бүгін біздің оқырмандарға өткен жылдары Қарғалы ауданы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан жеңімпаздар туралы жазғалы отырмыз. Сондай отбасының бірі жүлделі орынға ие болған ауданның белгілі азаматы Аманжол Өтегеновтың отбасы

 

«Әке – асқар тау, Ана – ағып жатқан бұлақ, Бала – жағадағы құрақ» – дегендей, бұл отбасы ортаға үлгі болатын, үлкен отбасы. Отбасында 5 бала, соның ішінде төрт ер бала жалғыз қыз өсіп-өнген отбасы. Оларды оқытып, құтты орынға қондырып, жапырағы жайылған – отбасы. Отағасы Аманжол Өтегенов 49 жыл электр жүйесі саласында қызмет жасап, еліне еңбегі сіңген, әсіресе осы Қарғалы ауданының электр жүйесінде басшылық қызмет жасап зейнеткерлікке шыққан. Еңбегі еленіп, бірнеше рет Алғыс хатпен, Төс белгімен марапатталса, екі рет Қарғалы ауданының Мәслихат депутаты болып сайланды.

Үйдің отанасы - Клара Сатаева 39 жыл мектеп қабырғасында еңбек еткен ардагер ұстаздың бірі. Алматы қаласындағы Шет тілдер институтын бітірген ол мектепте неміс тілінен сабақ берді. Сонымен қатар «Әдеп» пәні бойынша қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білген ұстаз. Ол ұзақ жылдар бойғы ұстаздық іс-тәжірибесінен «Өнегелі ұрпақ – өмір салты» атты еңбек жазып, ұсынды. Мектеп қабырғасында еңбегінің жемісін көрген ұстаз бала тәрбиелеуде «Ең үздік класс жетекші» деген облыстық педагогикалық байқау – марафонының жүлдегері атанып, арнайы сертификатпен марапатталды.

Осындай үлгілі отбасынан жан-жақты білімі бар, еңбекқор, адамгершілігі мол, қабілетті, иманды, дүниетанымы мен өмірлік позициясын дұрыс бағытта ұстаған 5 бала өсіп, өрбіді. Ата-ананың мақтанышы болған баланың үлкені Еркебұлан Американың Калифорния штатында жұмыс істеп келсе, Дархан, Азамат, Аян атты ұлдары да Отанға деген сүйіспеншілігін өз істерімен көрсетіп жүрген жандар. Ал, кенже қыз Инабат жоғары оқуды тәмамдап, Алматы қаласында туристік компанияда жұмыс жасауда. Өмірде өз орнын тапқан ол бүгінде өз ошағының отын жағып, отбасының мерейін көтеріп отырған жан. Бұл Ұлттық байқаудың негізгі көздегені дәстүрді сақтай отырып, Отанға деген сүйіспеншілікті, рухани адамгершілік қазынасын нығайту, ерлі-зайыптылардың отбасындағы жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі ата-ана ролінің маңыздылығын арттыру. Яғни, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады деген қағиданы ұғындыру болып табылады.

Бақыт ИМАШЕВ.