Бақытты балалық шақ

Бақытты балалық шақ

Балалар – біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштық символы, мейірім тотемі. Осы себепті олардың бақытты болуы үшін ештеңе аямаймыз. Әсіресе, 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бұл қамқорлығымыз арта түседі.

Қарғалы аудандық Орталық саябағында 1-маусым - Балаларды қорғау күніне арналған «Сәлем, жаз, балалық шақ мерекесі» атты іс-шара өткізілді. Көрермендер мен қатысушылар өте көп болды. Мереке Қарғалы аудандық Балалар өнер мектебі оқушыларының шеруімен басталды. Шаттыққа толы балалар күнінде ұжыммен ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды. «Бөрі қарақат», «Достар», «Мейірімділік дегеніміз не?», «Барлық планеталарды безендіріңіз», «Жаз қандай түсті», «Мен бұл әлемді тартамын» атты музыкалық сүйемелдеумен қойы-

лымдар көрсетілді. Балаларды мерекемен арнайы құттықтай келген сайқымазақ, қарақшылар капитаны, Мэри қарақшы, қуыршақ Лол, түлкі, ит, жолбарыс, әтеш бәрі де көңілді күй сыйлады. Балалық шақ туралы әндер шырқалып, флешмоб билерін биледі. Әсіресе, балалармен ұйымдастырылған «Чика-Рика» биі, «Күн сәулесі» атты көңілді жаттығу, «Барлық мадагаскар билейді» ойыны кішкентайларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік кештегі қызықтан балалардың ешқайсысы тыс қалған жоқ. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен балалардың барлығына сыйлықтар мен тәттілер үлестірілді. Сонымен қатар мерекеде аудандық балалар өнер мектебінің оқытушылары бүлдіршіндерімізге майлы бояумен суреттер салып берді.

Мерекеге жиналған балаларға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жаз айларында суға шомылу ережелерімен таныстырып өтті. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсету жайында әңгімелеп, құрал-саймандар көрмесімен таныстырды. Сонымен қатар аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен  балалар кітаптарының көрмесі өткізілді.

Әрбір бала бақытты болу үшін жаралған. Балаларды қорғау күні барлық балалар сүйіспеншілікті, мейірімділікті ерекше сезінгісі келеді.

Қарғалы ақпарат.