Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» атты тақырыпта тікелей эфир ұйымдастырды. Тікелей эфир қонағы көргені мен түйгені мол жандардың бірі кәсіпкер, көп балалы ана, күміс және алтын алқа иегері, сонымен қатар «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» атағының иегері - Батима Алмышева болды.
Батима әжеміз өзінің өткен өмір жолынан сыр шертіп, ата-анасы, туған жері, өскен ортасы мен балалық шағы туралы сөз қозғады. Кездесу барысында әжемізге сұрақтар қойылып, мазмұнды да мағыналы жауаптар ала алдық. Қарт ананың тағылымға толы әңгімесі ел басынан өткен ауыр күндерді еске алумен өрбіді.
-Мен әкемді көргенім жоқ. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, содан оралмаған. Анам мен 10 жас үлкен ағам болды. Анам мен ағамның бейнеттерін есіме түсірсем, әлі күнге жүрегім ауырады. Бірақ, өмір алға жылжыды. Олардың еңбектері зая кеткен жоқ. Жеті класс білім алдым. Тұрмысқа шығып, 10 бала дүниеге әкелдім. Жас кезімнен еңбектеніп, сауыншы болып жұмыс істедім. Анам өте ақылды, қайратты адам болды. Сол кісінің арқасында біраз нәрсені үйрендім. Балдарымның барлығы жоғарғы білім алып, қазіргі таңда біреуі диқаншы, біреуі ұстаз болып жұмыс жасап жатыр. Менің де жастайымнан шаршап-шалдығып, жасаған еңбегім қайтты, - дейді Батима әжеміз өткенді еске алып. Сұхбат барысында Бәтима әже өзінің өмірде қол жеткізген марапаттары жайлы да кеңірек айтып берді.
Сұхбат соңында Бәтима әже көрермендерді мерекемен құттықтап, әрқашан жолдары ашық болуын тілеп, ақ батасын берді.
Қарғалы – ақпарат.