Мастер своего дела

Мастер своего дела

Байланыс саласының қарапайым өмірде атқаратын ролі ерекше. Күнделікті көріп отырған теледидарымыздың, үй және қолымызға ұстап жүрген ұялы телефондарымыздың дұрыс жұмыс істеуі байланысшылардың өз ісіндегі шеберлігіне байланысты. Осындай тынымсыз әрі аса жауапты жұмысты адал атқарып жүрген Қарғалы ауданындағы үлгілі байланысшылардың бірі Асқар Есеев.
Ол Ащылысай ауылында туып өскен. Сол жерде орта мектепті бітіріп, Отан қорғау борышын өтеуге де сол жерден аттанды. Кеңес әскері қатарында абыройлы қызмет атқарып келгеннен кейін еңбек жолын осы өзінің туған жерінде бастады. Жастайынан техникаға, оның ішінде асқан ұқыптылықты қажет ететін электротехникаға құмар жігіт қолы қалт еткенде үйдегі бұзылып қалған радиоларды, магнитофондарды жөндеп, іске асырып қоятын. Бұл қызығушылық жылдар өте үдемесе басылған емес. Оның осы іске деген аса ынтызарлығын байқаған совхоз басшылығы оны арнайы жолдамамен жіберіп, осы салада білімін жетілдіруге мүмкіндік жасаған еді. Ол Қарағанды қаласында электротехникамен айналысатын арнайы курста білім алып, телемастер мамандығын меңгереді. Сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық па кім білген, Асқар Есеев Марий Автономиялық Республикасында кеңес әскері қатарында болғанда байланысшылар тобына түсіп, екі жыл әскери байланыс қызметінде болған. Міне, осылайша оның болашақ мамандығына деген адал көзқарасы осылай тағдырдың өз жетегімен реттелгендей.
Әскер қатарынан оралған соң туған жерде қалып, оның өркендеуіне өз үлесін қосуды мақсат еткен жас жігіт Ащылысайдағы автопаркке жұмысқа тұрады. Кеңес кезінде гүрілдеп тұрған бұл автопаркте бір сәт те жұмыс тоқтаған емес. Соғыстан кейінгі жылдары трактор жөндейтін шеберхана болып құрылып, 60-жылдары оның орнына автомобиль құрастыруды жөндеу бойынша мамандандырылған жөндеу шеберханасы болып қайта жасақталған болатын. Мұнда «Газ-51», «Газ-53» автокөліктеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Осында Ақтөбе облысының түкпір-түкпірінен жөндеу жұмыстарына автокөліктер әкелінетін. Мұнда жылдың қай мезгілінде де тіршілік қайнап жататын. Әр іске шеберлікпен, ұқыптылықпен қарайтын Асқар осы жерде ұзақ уақыт еңбек етті.
Бүгінде ол Ащылысай ауылындағы байланыс саласының электр механигі болып жұмыс істейді. Бұл қызметке Асқар Сәтімұлы 2007 жылы келген болатын. Содан бері 15 жылға жуық уақыт табан аудармай, жұмысының ыстық-суығына төзіп, ыждағаттылықпен еңбек етуде. «Қазақтелеком» АҚ-на қарайтын Ащылысай байланыс бөлімшесінде барлық істі өзі атқарады.
«Қазақтелеком» телекоммуникациялардың барлық желісін – телефон станциялары мен кабельдік желілер жұмысын реттейтін үлкен мекеме. Қазіргі таңда елімізде байланыс саласын цифрландыруға байланысты көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондықтан да бұл салада қызмет ететін әрбір маман күн сайын болып жатқан жаңашылдықтан хабардар болып қана қоймай сол бағытта сапалы жұмыс атқара білуі тиіс. Өз ісінің шебері Асқар Сәтімұлы мұны жақсы түсінеді. Ол өзіне бекітілген аймақта байланыс кабельдерінің ақаусыз жұмыс істеуін қатаң қадағалауды әбден меңгерген. Десек те, әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болатыны сөзсіз.
–Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Өте күрделі, соған қарамастан қызықты да. Әрине, әр жұмыстың өз қиындығы болады. Кез-келген уақытта, табиғаттың қандай ауа-райы болмасын желілерде ақау шыққан жағдайда сол жерді анықтап, сонда жұмыс істеуге тура келеді. Қысқы боран, жауын-шашын күндерін елемей еңбек етуге тиіспіз. Кейде тосыннан электр жарығы сөніп қалып жатады, мұндайда бірден дизельді қосуға дайын болуым керек. Өйткені, байланыс саласының жұмысы электр қуатына тәуелді. Қарапайым халық мұндай жағдайда зардап шекпеуі керек, тиісті қызметті алуы қажет, Сол жолда мүлтіксіз қызмет етуге міндеттіміз, - дейді ісіне жауапты маман Асқар Есеев.
Ащылысай ауылындағы байланыс бөлімшесінде жалғыз өзі істегендіктен оны алмастыратын да адам жоқ екен. Ауылдан тысқары шығып кетуге болмайды. Маман үшін жұмыс бірінші кезекте. Ол қазіргі таңда интернет желісіне көп жұмыстың «байланып» тұрғанын жақсы түсінеді. Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты көптеген іс-шаралар онлайн түрінде өткізілуде. Міне, сондықтан да осы жұмыстардың өз мәнінде өтуі үшін байланысшылардың өз қызметінде қырағы болуы қажеттігін ол жақсы біледі. Ащылысай ауылы ұзындығы 5 шақырымды алып жатқан едәуір үлкен елді мекен. Осы аралықтағы байланыс, интернет желілерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету оның мойнында.
Ащылысай ауылының әрбір тұрғыны оны жақсы таниды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын оған жерлестері әркез сенімді көзқараста. Байланыс саласы бойынша кездесіп қалатын мәселелерін ашық айтып, көмек сұрап, ақыл-кеңесін алады.
-Менің жұмысымның бір артықшылығы адамдармен үнемі байланыста жүремін. Сол себепті жақында екпенің екінші кезеңінен өттім. Жағдайым жақсы, өзімді ойдағыдай сезінемін. Жұмысым адамдармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан оларға да екпе алу қажеттігін, ол өзіміз үшін, ауылдағы барша тұрғындардың денсаулығы үшін қажет екенін де айтып жүремін, - дейді Асқар Сәтімұлы.
Қазіргі таңда Ащылысай ауылына ұшқыр 4G интернет желісі тартылуда. Мұнда қазір «Аctiv», «Beeline» желілері жақсы жұмыс істеп тұр. Әр үй интернет желісіне қосылған. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік сандық телефон байланысымен қамтылған. Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету – бұл күнделікті қажырлы еңбек, озық жабдықтар мен заманауи технологияларды пайдалана отырып, жаңа жобалар және бағдарламалармен жұмыс істеу өз шеберлігіңді үнемі арттыруды қажет етеді. Осыны жақсы түсінген Асқар өз саласы бойынша жаңалықтарға құлақ түріп, оны орынды меңгеріп жүр.
Байланысшы жұмыс істеген кезеңінде өзін сауатты және жауапты маман ретінде көрсетіп келеді. Оның адал атқарған еңбегі елеусіз қалған емес. Ол 2018 жылдың «Үздік байланысшысы» ретінде Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылы әріптестері арасында үздік шығып, жоғары кәсіби дағдылары үшін деген марапатқа ие болды. Ұжымда жас мамандарға үлгі көрсетіп, әр ісінен өнеге үйретеді. Қолынан іс келетін, қызметін жауаптылықпен атқаратын шебер маманды әріптестері де сыйлайды. Ол қарайтын аймақтағы байланыс саласында ешқандай ақау болмайтынына кәміл сенеді. Асқар да осы сенімді ақтау үшін өз қызметін мүлтіксіз атқарып жүр.
Ирина Қоспағанбетова.