Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 76 жыл толып отыр. Сол бір өмір үшін кескілескен шайқастардың тарихы алыстағанымен, Отан үшін от кешкен батырлардың көрсеткен ерліктері мен қаһармандығы ешқашан ұмыт қалмақ емес. Осы аралықта қаншама тарих дөңгелегі айналса да бейбіт күнді өз қолдарымен алып берген майдангерлердің ерлігі ескірмей, оларды ардақтау жалғаса бермек.
Ер азаматтар қан майданда Отан үшін жан пида етсе, елдегі қарттар, әйелдер мен балалар бел жазбай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға көмектесті. Олар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен күн-түні еңбек етті. Еңкейген кәріден бастап, балалық шағын қанқұйлы соғыс ұрлаған жастардың төккен тері, сіңірген еңбегі қаншама.
Бүгінде солардың алды 90 жастан асса, кейінгілері 80 жасты еңсергендер. Қазіргі таңда қан майданға қатысқан майдангерлер саусақпен санарлық десек, тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп барады.
Ақтөбе облыстық қорғаныс департаментінің соңғы мәліметіне сүйенсек, біздің облыста бүгінгі таңда қан майданның ортасынан оралған 13 ардагер қалған екен. Олардың 7-еуі соғыс мүгедегі. Облыста 1714 адам соғыс ардагеріне теңестірілгендер. Тылда еңбек еткендер 4693 адам болса, 279 майдангер жесірлері қатарымызда сұрапыл соғыстың куәсіндей арамызда тәуелсіздік елінің шапағатын көріп жүр.
Солардың арасында біздің ауданда тылда еңбек еткендер 124 адам, Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің жесірлері 4 адам қатарда жүрсе, қан майданның ортасында болғандары жоқ.
Жеңіске жанын салғандар
Фашизмді талқандап, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан арамызда жүрген тыл еңбеккерлерінің еңбегі ерекше.
Сұрапыл соғыс кезінде балалықтың балғын шағын қызықтамай жастайынан анасымен бірге еңбекке араласқан, сондай қиын кезеңде бойжеткен жерлестеріміздің бірі бүгінгі әже Ақшонық Ишангалиева. Кейіпкеріміз 1930 жылы 4 қарашада әкесі Төлеу, шешесі Жаудырдың отбасында кезіндегі Новоресей ауданы Жылан-тау ауылы соңынан Коминтерн болып аталған ауылда дүниеге келген.
Әкесі Жылан-тау мектебінің 4 сыныбын бітірген, соғыс ардагері. Әке-шешесі ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ерлі зайыпты тыл еңбеккерлері. Ақшонық әжеміз 1927 жылы туған Ізмұханбетпен 17 жасында отау құрып, өмірге 2 қыз, 5 бала әкелген батыр ана. Жаста-йынан анасымен бірге жегілген сауыншықты кәсіп қылса, жолдасы механизатор маман болып еңбек етіп, 1988 жылы зейнетінің дәмін татып, дүниеден озған.
Бүгінгі таңда тыл ардагері Ақшонық әже Шәмші Қалдаяқов ауылында баласымен бірге тұрады. Сол бір қиын кездегі еңбегінің айғағындай өңірінде алған медальдары жарқырайды. Бүгінде ол ұл-қыздарынан ерген ұрпақтарының ортасында бейбіт күннің шаттығына бөленіп отыр. Талай ауыртпалықты бастан кешкен әзиз ана енді ешқашан соғыс өрті болмасын, ұрпағымыз бейбіт заманда бақытты өмір сүрсін деген тілекте.
Бақыт Имашев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.