Мәселелерді шешу сөз болды

Мәселелерді шешу сөз болды

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан Қарғалы ауданында іс-сапармен болып, аудандағы білім беру саласы бойынша жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Іс-сапар барысында конкурстық комиссияның шешімімен аудандық білім бөлімінің басшысы болып Жанат Дүйсенова тағайындалды.

Ауданға арнайы келген басқарма басшысымен бірге аудан әкімі Асқар Жүсібалиев білім бөлімінің қызметкерлерімен аудандағы білім саласының өзекті мәселелерін ортаға салған кеңеске қатысты. Онда аудандағы білім беру мәселелері, оқу үлгерім жайы, сондай-ақ, оқытушылық құрамның жай-күйі сөз болды. Жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алған педагог жастардың ауылдық жерге жұмысқа келу жайы, оларға жасалатын қамқорлық пен қолдау барысы да кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар іс-сапар барысында басшы №1 Бадамша орта мектебінде, «Айгөлек» балабақшасында, Бадамша агротехникалық колледжінде болып, мекеме басшыларымен білім беру саласының күрделі мәселелерін талқылады. Аталмыш білім беру орындарының материалдық жағдайы, оқытудағы жаңашыл бастамалар да сөз болды.

Аудан орталығындағы №1 Бадамша орта мектебі бүгінгі таңда үш ауысым жүйесімен оқытылады. Осы мәселені шешу мақсатында аудан орталығында 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа ғимаратты ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан мердігер компания қызметкерлерімен кездесіп, құрылыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жаңа нысанның оқушылық және оқытушылық құрамын жасақтау жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Қарғалы ақпарат.