Әлемді XXI ғасыр тарихына таңба боларлық коронавирус індеті жайлағалы дәрігерлер қауымының да адамдар амандығы үшін арпалысы үдей түсті. Солардың арасында біздің аудан ақ халаттыларының да үлесі зор.
Жылдан аса мезгілге созылып келе жатқан індет алғаш кездей емес. Солай десекте өлім мен өмірдің арасында жатқан науқастарды аяғынан тұрғызып, қатарға қосуға аянбай күні-түні демалыссыз еңбек етіп жүрген, осындай сын сағатында сыр бермей ажалмен арпалысып, науқастарды коронавирус ауруынан емдеп жүрген дәрігерлердің еңбегі ерлікпен тең.
«Nur Оtan» партиясының бастауымен жанданған «Біз біргеміз» партиялық акциясы және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «30 игі іс» қайырымдылық марафоны аясында ауданымызда «Дәрігерлерді ардақтайық!» іс-шарасы өткізілді. Аталмыш акцияны қолдау мақсатында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық аурухана ұжымымен кездесу өткізген болатын. Оған аудандық «Nur Оtan» партиясы фракция мүшелері қатысты. Кездесу барысында аудандағы індетке шалдыққандарға жанын салып аянбай, нағыз індетпен бетпе-бет күрескен бір топ ақ халаттыларға аудан тұрғындарының ризашылғын жеткізе, өзінің шынайы алғысын білдіріп, ризашылық ниеттегі арнайы сый-сияпатын табыстады. «Nur Оtan» партиясының Қарғалы аудандық филиалы аудандық аурухананың провизорлық орталығының қызметкерлеріне дәрумендік-жеміс себеттерін ұсынды.
Осындай қарапайым кәсіби еңбектері бағаланып, құрметке бөленгендер қатарында терапия бөлімінің меңгерушісі, кардиолог Светлана Киричинко, дәрігер-терапевт Жадыра Жұбанышова, инфекция бөлімінің меңгерушісі Наталья Күнтуарова. Сондай-ақ, науқастармен күні-түні бірге қиналған медбикелер Роза Ердамбетова, Диана Скибина, тазалықшы Әлия Такашовалар әріптестері арасында еңбектері ардақталып жігерлене түсті. Еңбектері еленген дәрігерлер «Nur Оtan» партиясына көңіл бөлгендері үшін ризашылық сезімдерін білдірді.
Бақыт Имашев.