Сенімді ақтау – басты міндет

Сенімді ақтау – басты міндет

Жанна Мустафина,

«Nur Otan» партиясы жанындағы білім мен денсаулық жөніндегі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі.

«Nur Otan» партиясы ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін арқалап, еліміздің гүлденуіне және әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыс істеп келеді. Осы мақсатты көздеген партия алдағы бес жылда елді дамытудың тың жоспарын жасап, оны жүзеге асыру бойынша «Жол картасын» бекітті. Енді міне, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруды бақылау мақсатында қоғамдық кеңестер құруда.

Қарғалы аудандық саяси кеңес бюросының шешімімен «Nur Otan» партиясы жанындағы білім мен денсаулық жөніндегі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы етіп мені бекітті. Партияның бес жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» «Бақытты балалар», «Болашағына сенімді жастар», «Парасатты және зияткер қоғам», «Саламатты ұлт» және денсаулық сақтау бөлігінде «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қорғау» бағыттары бойынша тиімді іске асырылуына, сондай-ақ білім және денсаулық саласының дамуына ықпал ету мақсатында құрылған.

Ауданымызда азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының жоғары көрсеткіші – бұл ауданымыздың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші. Біз білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада сапалы қызметтерге қол жеткізе отырып, аудан тұрғындарының өмір сүру жағдайын арттыруға күш саламыз. Бүгінгі күндері «Жол картасында» көрсетілген ауылдарда дәрігерлік амбулатория үшін санитарлық автокөлік сатып алу, науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауды, сонымен қатар ағымдағы жылы Бадамша ауылында 150 орынға арналған балалар өнер мектебінің құрылысы басталады. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй және көтерме жәрдемақы беру жолымен ағылшын тілі, математика, химия, физика пәндері бойынша мұғалімдердің тапшылығын төмендету бағыттары бойынша жұмыстары да жүргізілуде.

«Nur Otan» партиясы жанындағы білім мен денсаулық жөніндегі аудандық қоғамдық кеңестің жұмысы белсенділікті талап етеді. Себебі, білім және денсаулық саласы өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен білім және денсаулық саласында, оның ішінде заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатының көптеген мәселелерін шешеді. «Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде халқымыздың бірлігі, елдің гүлденуі мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты үшін жұмыс істеуді жалғастырады.

Біздің міндетіміз – Қарғалы ауданының әрбір тұрғынының сенімін ақтау.