«СЕРВИСТІК ӘКІМДІКТЕР» АШЫЛДЫ

«СЕРВИСТІК ӘКІМДІКТЕР» АШЫЛДЫ

Қарғалы ауданының Желтау және Әлімбет ауылдық округтерінде бірден екі «Сервистік әкімдік» ашылды.

Мұндағы мақсат адалдықты насихаттап, сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Қазір ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмайды. Ауылда отырып мемлекеттік қызметті онлайн қолдана алады.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Бауыржан Балғабеков, бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, «Ақтөбе-

адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Екі сервистік әкімдік те Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы аясында құрылып, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде халыққа қолайлы ахуал қалыптастыру жөніндегі талаптарға сәйкес келеді. Сервистік әкімдіктерде жергілікті атқарушы органдардың халық сұранысына ие қызметтері, сондай-ақ «Қазпошта» және учаскелік инспектор пункттері шоғырландырылған.

Азаматтарға қолайлы ахуал қалыптастыру мақсатында ақпараттық стендтер, балаларға арналған ойын алаңы ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметтерді өз бетімен алушыларға арналған «connection point» - өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орналастырылған.

Мәселен, Желтау ауылдық округі аудан орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан және онда 4300-ден астам халық тұрады. Тұрғындар өмірі үшін ауыл шаруашылығы саласы ауадай қажет. Ауылдық округте тікелей ауыл шаруашылығына бағдарланған 50 шаруа қожалығы, 10 серіктестік және

55 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.

Алдағы уақытта әрбір тұрғын немесе кәсіпкер әлеуметтік және жер мәселелері бойынша жаңа Сервистік әкімдікке жүгіне алады, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ондаған шақырым аудан орталығына жол жүрмей-ақ ала алады.

Әлімбет ауылдық округінде мыңнан астам тұрғын бар. Қарапаө

йым халық мал бағып, төрт түлік санын арттырып отыр. Мұнда 9 шаруа қожалығы бар, ал тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Ауылға осыдан он жылдан астам уақыт бұрын орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылған болатын. Ал, биыл елді мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесі шешілмек. Одан кейін ауылдың жолы да қолға алынбақ.

-Ауыл халқының жағдайын жақсарту жылдан-жылға жақсарып келеді. Қазір ауылды газдандыру мәселесі өз шешімін таппақ. Оған облыстық бюджеттен қаражат қаралып, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі тендер жариялады. Белгілі бір мердігер алғаннан кейін жұмыс басталады. Содан ке-йін ауылішілік жолдарды жөндеуді жоспарға қойып отырмыз. Ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесі толық шешілген. Осылай жыл сайын халық игілігіне қажетті жұмыстар өз ырғағымен жүргізіле бермек, - дейді Әлімбет ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Мысаев.

Өткен жылы Әлімбет ауылында жаңа әкімдік ғимараты бой көтерген болатын. Мұнда жергілікті халыққа қолайлы жағдай қарастырылған. Ауыл тұрғындары «Ашық әкімдікке» келіп, түрлі мәселелерін шеше алады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ақпараттық тақта, балаларға арналған ойын бұрышы да ойластырылған. Тұрғындар электронды мемлекеттік қызметтерді өз беттерінше тегін алу үшін өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да жұмыс істейді. «Ашық әкімдікке» келген тұрғындар көбінесе жер, әлеуметтік мәселелер бойынша

көмекке жүгінеді.

-Бұл «Ашық әкімдіктің» ашылуы бәрімізге де өте ыңғайлы болып отыр. Бұрын қандай да бір мәселе бойынша аудан орталығы Бадамшаға баратынбыз. Оған да біраз уақыт кетеді. Ал, қазір барлығы жанымызда. Өте ұқыпты, жақсы ойластырылған. Мамандар да барынша тез қызмет көрсетуге тырысады. Бұл жерге үй салу үшін жер көлемін кеңейтуге өтініш жазуға келіп отырмын. Өтінішім өз шешімін табар деген ойдамын, - дейді ауыл тұрғыны Валентина Гайнуллина.

Мұндай «сервистік әкімдіктердің» ашылуы халық пен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшылары ауылда ашылған «сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысып, келушілерді қабылдады. Халықты қызықтырған мәселелерін тыңдап, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жолын насихаттады.

Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Бауыржан Балғабеков атап өткендей, сервистік әкімдіктер ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық көріністері мен азаматтарды «кабинеттен кабинетке, инстанциядан инстанцияға» жүгіруге мәжбүрлейтін бюрократиялық рәсімдерді азайтуға ықпал ететін болады.

Сонымен бірге ауылдың кітапханасында «Парасат жолы» орталығы ашылды. Орталықта адалдық пен парасатталық, әділдікті қалыптастыру, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтар насихатталады. Кітапханашылар осы бағыттағы жұмыстарымен бөлісті.

-Бізде жоспар бойынша тиісті іс-шаралар өткізілуде. Аудан бойынша осы «Парасат жолының» 150 мүшесі бар. Оның ішінде зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары, жастар, мемлекеттік қызметкерлер бар, - дейді Әлімбет модельді ауылдық кітапхансының директоры Нұргүл Мысаева.

Жалпы алғанда ауылдың тұрмыс-тіршілігі көңіл көншітерлік. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы

жақсы. Тіпті мұнда әлеуметтік көмек алатын жандар да жоқтың қасы. Ауыл әкімінің сөзінше халық толықтай жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кәсіп ашқандар қатары да артқан. Бұл қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының жақсарып келе жатқанын көрсетсе керек.     

Ирина Қоспағанбетова.