Көктемгі егіске дайындық

Көктемгі егіске дайындық

Бірер айдан соң елімізде көктемгі дән себу жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде шаруашылықтарда осы науқанға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы, биыл қардың жылдағыдан көп түсуін қарғалылық диқандар жақсы ырымға балап отыр. Табиғаттан сыйы болса да диқан қауымы арқаны кеңге салып отырған жоқ. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы естеріне мықтап ұстап, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірлікпен келуді мақсат тұтуда.

Қарғалы ауданы бойынша ағымдағы жылы егіс алқабы 160,6 мың гектарға жоспарланған. Оның ішінде, дәнді дақылдар 108,9, мал азығы дақылдары 42,4, майлы дақылдар 7,8, картоп 1,0, көкөніс 0,5, бақша 0,04 мың гектарды құрайды.

- Аудан бойынша 2021 жылғы көктем егісіне 11059 тонна дәнді дақылдар тұқымдары қажет. Алдағы егіс жұмыстарын тиянақты жүргізу мақсатында тұқым мәселесі оң шешімін тауып отырғанын айтуымыз керек. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі таңда 12110 тонна тұқым құйылған. Бұл жоспардағы көрсеткіштің 110 пайызын құрайды. Оның ішінде бидай тұқымы – 8120 тонна, арпа тұқымы – 3790 тонна, тары тұқымы - 53 тонна, сұлы - 17 тонна және бұршақ дақылдар тұқымы – 130 тоннаны құрайды. Майлы дақылдар тұқымының құйылғаны 55 тонна, оның ішінде зығыр (лен) тұқымы 30 тонна және 25 тонна мақсары (софлор) тұқымдары да бар. Сонымен бірге картоп тұқымы 1386 тонна және 379 тонна мал азығы тұқымы құйылды.

Казіргі таңда толық тексеруден өткізуге 6488 тонна дәнді дақылдар тұқымы тапсырылды. Бұл қажетті тұқымның 60 пайызын құрайды. Барлық тұқымдар құрамы кондициялық, соның ішінде сынып бойынша; І сынып – 5488 тонна, бұл барлық тұқымның 85 пайызын құраса, ІІ сынып  – 1000 тонна болып, 15 пайызын құрап отыр, - дейді Қарғалы ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің міндетін атқарушы Мақсат Сутеев аудан диқандарының көктемгі егіске əзірлігі жайында айта келе.

Егістің бітік шығуына алғышарт болатын қар тоқтату жұмыстары да ауданда тындырымды атқарылған. Бұл бағыттағы тапсырма жоспар бойынша 15 мың гектарға орындалып, жұмыстың атқарылуы 100% -ды көрсетіп отыр.

Егістің бітік шығуына бірден бір себеп болатын нәрсе тыңайтқыш екенін жер баптаған дихан қауымы жақсы біледі. Сол себепті де дихандар минералды тыңайтқыштарға алдын ала тапсырыс береді. Аудан бойынша минералды тыңайтқыштардың сатып алу жоспары 700 тоннаны құрайды. Минералды тыңайтқыштарды сатып алуға 7 шаруашылық 230 тонна алуға өтінім берген.

Көктемгі егіс жұмыстарының тиянақты жүргізілуі ең алдымен техникалардың да сақадай сай болуына байланысты екені белгілі. 

-Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге техникалар толық дайын. Аудан бойынша барлығы 199 трактор алқапқа шығуға әзір. Оның ішінде: «Кировец» - 42 дана, «Т-150» - 13 дана, шынжыр табанды (гусеничный) - 144 бірлікті құрайды. Дәнді тұқым сепкіш 253 бірлік, оның 82% дайын болса, 992 дана тырманың жұмысқа дайындығы 88 пайызды құрап отыр, - дейді ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің міндетін атқарушы Мақсат Сутеев.

Көктемгі дала жұмыстарын атқаруда қажетті жанар-жағар майдың да рөлі зор. Бүгінгі таңда 42 шаруа қожалықтары жалпы көлемі 1 485 тонна арзандатылған дизель отынына өтініш беріп отыр. Дизель отынының бағасы литріне 154 тенгені құрайды. Осындай жан–жақты тыңғылықты даярлықпен аудан дихандары көктемгі егіс жұмыстарын бастамақ.                                       

Ирина Қоспағанбетова.