Бала тәрбиесі - бесіктен басталады

Бала тәрбиесі - бесіктен басталады

Әр ата-ана өз баласының тәрбиелі, үлгілі де өнегелі болғанын қалайды. Алайда, баланың тәлім-тәрбиелі болып өсуі мен қалыптасуына ата-ананың да сіңіруге тиісті еңбегі зор болуы керек. Осы мәселеге байланысты Қарғалы ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адал көмек» жобасы аясында жергілікті халыққа тегін заң көмегін көрсету мақсатында тікелей эфир өткізілді.

Тікелей эфирде сөз алған Қарғалы аудандық мешітінің имамы, теолог Нұрлан Қырықбаев бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі болып саналатын бала тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салды.

- Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының зандылықтарын білуі шарт. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және негізді,- деді ол сөз басында.

- Баланы жастан тәрбиелеу керек. Өйткені, уақыт өте келе бәрі де кеш болып қалуы мүмкін. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөз бар. Яғни, отбасында берілген тәрбиенің бала өмірі үшін үлкен рөлі бар. Бала отбасында қандай тәрбие көрсе, соны өзі жүрген ортада, қоғамда көрсетеді. Алла Тағала Құранда да осыған байланысты мынадай сөздер айтқан: «Өзің дұрыс бол және бала-шағаңа дұрыс тәлім-тәрбие бере біл». Сол себепті әр ата-ана баласына дұрыс тәрбие беруге міндетті.

Ислам шариғатында бала тәрбиесіне қатысты мысалдар өте көп. Бір хадисте: «Балаға ме-йірімділік жасаңдар, мейірімділік жасасаң, өзің де мейірімділік көресің» дейді. Балаға жұмсақтық жасау керек. Құранда: «Кешірімді бол, жақсылық шақыр, әр наданнан теріс бол» деген. Бұл жерде Алла Тағала жақсылық жасауға шақырып тұр. Яғни, балаға кішкентайынан дұрыс тәрбие беріп, «үлкенді көргенде сәлем бер, жолда кедергі болатын зат болса алып таста, ұрлық жасама т.б.» деп жақсылыққа баулуымыз керек. Кішкентайынан санасына құя білген абзал.

Екінші мәселе, жұмсақтықпен қатар балаға қажет жерінде қатал да бола білу керек. Қазақта «Балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай сыйла, 5 жастан 15 жасқа де-йін құлыңдай жұмса, 15 жастан бастап жақын досыңдай сырлас» деген сөз бар. Бұл сөздің астарына үңілетін болсақ, мұнда үлкен мән-мағына жатыр. Сәби кезінде аялап, мейірімге бөлеп өсіріп, өсе келе оны түрлі өзінің әлі келетін істерге баулып, жұмсап, шаруаға араластырамыз. Осылайша, баланың оң-солын тануға, жақсы мен жаманды айыруға әсер етуіміз керек. Өскен соң онымен жақын дос болып, ішіндегі бар сырын, ойын жасырмай айта алатын сырлас болған жөн.

Бала көргенін істейді, сондықтан балаға тәрбие бермес бұрын әрбір ата-ана өзінің іс-әрекетіне көңіл бөлуі қажет. Мысалы, өзі темекі шегіп жүрген әке баласына «темекі шекпе, арақ, темекі, насыбай дегендер адамға зиян» деп ақыл айта алмайды. Айтса да оны баланың ұғуы, орындауы екіталай. Сол себепті ең алдымен өзі үлгі болуы қажет. Сол сияқты «үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дегендей үй ішіндегі ұрыс-жанжал баланың көзінен тыс болғаны абзал. Бала отырған жерде барынша сабырлы болып, кейін де бір-біріне түсіністік жасаған дұрыс.

Бала арасында әділетті болу да аса маңызды. Кейбір отбасында ер балаға ерекше құрмет көрсетіп, мақтан тұтып, ал қыз бала болса онша көңіл бөлмей жатады. Бұл өте дұрыс емес жағдай. Шариғатта да бұған қатаң тыйым салынған. Отбасында ер баланы да, қыз баланы да бірдей құрметтеп, бірдей еркелету керек. Қазақта: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген өте қасиетті сөз бар. Бұл елдің ертеңін жалғастыратын болашақты тәрбиелеу бесіктен, яғни бала кезден басталатынын көрсетіп тұр.сол себепті бала тәрбиесіне ерекше мән беруіміз қажет, - деп сөзін қорытындылады аудандық мешіт имамы Нұрлан Өмірбайұлы.

Бұдан әрі ол жұртшылық тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.

- Ережеп айының оразасын қай кезде ұстау керек?

- Ережеп – Алланың айы. Бұл айда мұсылман қауымы құлшылыққа көбірек мән берген. Және ораза ұстаған. Мұндағы ораза ұстау мақсаты алдағы Рамазан айындағы оразаға дайындалу. Осы айда ораза ұстасаңыз Рамазанда жеңіл өтесіз.

- Ережеп айында қандай амалдар істеген абзал?

- Ережеп айында істелетін амалдар көп соның ең бастысы намаз оқу. Мұхаммед пайғамбарымыз көбірек намаз оқып, құлшылық еткен. Оның ішінде тақуаж намаздарын оқыған. Және Құран оқып, Рамазан айына ерекше дайындық жасаған абзал.

- Баланы неше жастан бастап тәрбиелеген дұрыс?

- Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқандай баланы ана құрсағында жатқанда тәрбиелеп бастаған дұрыс. Өмірге бала әкелетін анамен дұрыс қарым-қатынас жасамай, онымен ұрыс-керіс жасайтын болсаң ол іштегі балаға да әсер етіп, дұрыс баланың өмірге келуі екіталай. Сондықтан тәрбиені сол шақтан бастау керек. Және бала дүниеге келгеннен кейін оған есім беріліп, лайықты өсіріп, бағу ата-ананың міндеті.

- Баланы ұруға бола ма?

- Бала қателік жасағанда оған «бала ғой» деп көз жұма беретін болсақ, ол әдетке айналуы мүмкін. Алдымен 1-2 рет ескерту жасап, ол әдетін тағы қайталайтын болса, оны жазалап тұру да артық емес. Жазалағанда оны ұрып, көзін шығарып, қолын сындыру емес, жұмсақ жерінен қағып, оның қателігін, дұрыс істемегенін көрсетіп, дұрыс тәрбие беру керек. Қазақ төріне қамшыны бекерге іліп қоймаған. Бала соны көргенде қате істің болмайтынын еске түсіріп, аяғын шалыс баспауға тырысады.

- Баланы неше жастан бөлек жатқызу керек?

- Бұл да өте маңызды сұрақтың бірі. Шариғатта 9 жастан бастап ұл-қыздарды бөлек жатқызыңдар дейді. Өйткені бұл жаста балалар өсіп-жетіледі.

- Балаға қандай есім қойған дұрыс?

- Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) –ға келіп бір кісі «балалы болып едім, соған қандай есім қойсам екен» депті. Сонда пайғамбарымыз «Аллаға ұнамды есім қойыңдар» деген екен. Және де құрметті адамдардың есімдерін қою да дұрыс. Өйткені, өмірі өнегелі жандардың есімдерін балаға соларға ұқсасын деген ниетпен беріп жатады. Өмірден өткен ұлы адамдардың есімдерін де қоюға болады. Сондай дұрыс есім беретін болса баланың да өміріне жақсы әсер етері сөзсіз.

Сөз соңында айтарым, бала тәрбиесіне мән беріп, олар немен айналысып жүр, интернеттен не тыңдап жүр бәріне де бақылау

жасап тұру керек. Отбасында әке мен ана өздері жақсы болатын болса олардан тәлім-тәрбие алған бала да жақсы болады.

Материалды дайындаған

Ирина Қоспағанбетова.