Еңбек мерекесі

Еңбек мерекесі

Өткен аптаның сәрсенбісінде аудандағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді. Жылдағы дәстүр бойынша  аудандық мәдениет үйінде өткен еңбек мейрамына биылғы жылы карантиндік талапқа сай ережелер сақталып өтті. 

Мерекелік шараның шымылдығы аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жандарға арналған жергілікті ақын Шапағат Аманжол мен жергілікті сазгер Дабыл Даурбаевтың «Қарғалым» әнімен ашылып, дала еңбеккерлерінің еңбегі бейне жазбамен өрнектеле көрсетілді.

Шара барысында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев шаруаларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданда биылғы жылы карантинмен қоса келген дағдарысқа қарамай сәтті өткен жұмыстарға тоқтала кетті.

- Ауыл еңбеккерлері қай кезде де халық арасында ерекше құрметке ие. Өйткені олардың адал еңбектерінің нәтижесінде еліміздің өркендеп өсуі мен игіліктер молшылығына жол ашылуда. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асу нәтижесінде ауданның өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді.

Ауданда ауылшаруашылық өндірісін дамытудың мемлекеттік стратегиясын іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдануда. Соңғы үш жылда жалпы сомасы шамамен үш миллиард теңгеге 7 маңызды инвестициялық жоба іске асырылды. Мал шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған тағы 10 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда, атап айтқанда 1000 ірі қара малға арналған бордақылау алаңдарын салу жоспарлануда,- деді аудан әкімі Асқар Жүсібалиев өз сөзінде.

Ауданның аграрлық саясаты өндірістік қуаттарды дамыту мен жаңғырту, шаруашылықты жүргізу мен  инновациялық технологиялар қызметтерімен қатар жоғарғы білімді кадрлар мен инвесторлар арқылы ауылды көтеру тапсырмасының ауданымызда сәтті орындалу барысына тоқталып өтті.

Жасалған және алдағы жасалар жұмыстардың көп екендігін айта келе осындай істің басында жүрген еңбек адамдарының биылғы жылы көзге түскен майталмандарын марапаттады.

Алдымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Құрмет грамотасының иегері, «Колос» шаруа қожалығының басшысы Сергей Вандичті құттықтап, еңбегіне табыс тіледі. Одан әрі «Қосестек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің сауыншысы Насиба Рахматова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аудан әкімінің Алғыс хатымен ауданның ауыл шаруашылығы, соның ішінде, егін саласында айтарлықтай еңбегі зор ардагер Михаил Ланко, «Бородиновское» шаруа қожалығының, «Степной» ЖШС, «Колос» шаруа қожалығының, «Велихов» ЖШС механизаторлары Марат Алдиев, Рахымжан Есмағанбетов, Игор Вандич, Александр Полтарев, «Талап плюс» шаруа қожалығының, «Степной» ЖШС комбайнерлері Әділбек Карипов, Владимир Поклонский, «Велихов» ЖШС малшысы Михайл Редковолосов, «Степной» ЖШС жылқышысы Нұрлан Асановтар марапатталып, биылғы жылдың еңбек озаттары атанды.

Дала жұмысына ұйытқы болып, ұйымдастыру жұмыстарын үлгілі жүргізе білген Актеп» ЖШС, «Кудря» және «Рассвет» шаруа қожалықтарының басшылары Аманғос Қалматаев, Иван Кудря, Олег Ровенскийлердің де еңбектері еленіп, лайықты бағаланды.

Сонымен қатар, дала еңбеккерлеріне бағыт-бағдар беріп отыратын ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының еңбегі де бағаланып келеді. Солардың бірі ауданымызда биылғы жылдың жемісіне үлес қосқан нәзік жанды қос маман да марапатқа кенелді. Ұзақ жылдар аудан ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласының бас маманы Насима Жақсығалиеваның өңіріне ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіп одағының II дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісін таққан аудан әкімі алғысын жеткізді. Сондай-ақ, осы бөлімнің бас маманы Айгүл Айтбаева жұмыстағы ұқыптылығы үшін жоғарыдағы  мекеменің Ақтөбе облыстық филиалының Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Айта кету керек, бұдан бұрын Ақтөбе қаласында облыс әкімінің қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы  қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде біздің ауданнан барған аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтен бастап бір топ ауданның еңбек озаттары облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпаттарын алған еді. Еңбектері еленген жандардың көңілдері бір марқайып, алдағы еселі еңбекке қанаттанып қайтты.