Өнерлі тігінші

Өнерлі тігінші

Ақтөбе өңірінің тумасы Бағила Тулматованың қолынан шыққан жабдықтары ерекше. Бір жылдан бері Бадамша ауылының тұрғыны Бағила не жасаса да ешкімге ұқсамайтын  түрлі жабдықтар тігеді.

Кішкентай кезінде анасы ылғи тігін тігетін болған, бірақ Бағила ол кезде тігінге көп қызығушылығы болмағанын, бала кезінде тіккен заттарының дұрыс шықпайтынын күліп еске алды. Мектеп бітіргеннен кейін өзі қалаған информатика мамандығына оқуға түсті.Кейін тұрмысқа шыққан ол қазір екі баланың анасы.

Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Бағиланың тігіншілік жолға бет бұруына да өміріндегікездескен кейбір күрделі жәйттер себеп болды.Ұлының денсаулығын ойлаған ана тығырықтан шығудың жолын іздей келе  тігінмен айналысуды жөн көреді.

Алғашқы кезде тіккен бұйымдарын сатылымға шығаруға жүрексінетін. Кейбір кемшін тұстары байқала ма, тұтынушының көңілінен шыға қояр ма екен деген сауалдар көп мазалайтын. Дегенмен, «көз қорқақ, қол батыр» демекші, істей келе қолынан шыққан бұйымдардың сапасы да жақсарып, тез өтіп жатқанын көріп қуанды. Адамға өз еңбегінің бағаланғанынан артық не керек. Осыдан кейін Бағиланың да бойында өзіне деген сенімділік пайда болып, іске ширақ кірісті.

-Іс бастаймын деген адамға ештеңе де кедергі бола алмайды. Барлық тығырықтан шығуға жол табуға болады,- дейді Бағила. Бірден сатып алуға қомақты қаражаты болмаған соң басында ол тігін машинкасын жалға алып жүрді. Ең бастысы, еңбек етуге деген ынтасы оны алға жетеледі.

Бадамшаға келгеннен кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалында өзіне жаңа кәсіп ашып, еңбек жолын бастаймын деген жастарға қол ұшы берілетінін естіген ол сонда барып, кеңес алды. Содан шілде айынан бастап кәсіп ашу жолдарын үйрететін курстарда оқуды бастайды.

-Осы жерден көп нәрсе үйрендім. Бизнес жоспар құруға қадам да осында басталды,- дейді ол. –Алғашқы бизнес жоспарды өзім құрып, қорғап шықтым. Аса қиынға соққан жоқ, өйткені тігін саласында біраз тәжірибем бар еді, соның да көмегі тиді.

Тігіншінің негізгі арманыөз жұмыс орны болса дейді. Қазіргі заманға сай киім үлгілерін тігіп шығару үшін Бағилаға компьютермен жұмыс жасаған ұнайды. Алдағы уақытта бесік жабдықтарын, жайнамаздар тігіп, тұтынушыларға ұсыну ойында бар.

-Мемлекет тарапынан ұсынған «Еңбек» бағдарламасы бойынша біраз нәрселер үйреніп шықтым. Осы бағдарламада трагет жарнамасын, бизнес жоспарды қалай құру керектігін,бір сөзбен айтқанда, жеке кәсіпкердің білуіне тиісті көптеген қажетті жәйттерді үйрендім. Яғни, жұмыс жасаймын деген жастарға бәрі қарастырылған,- дейді Бағила.-Жұмыспен қамтудың негізгі мақсаты қолға алған жұмысты ауыл ішінде дамыту сондықтан өзім тіккен бұйымдарымды осы ауылда сатып, өз табысымды тапқым келеді. Алдағы уақытта тіккен, жасаған заттарымды ауылдағы дүкендерге қойып,  сату ойымда бар. Сондай-ақ, өз кәсібімді дамыту үшін өз ісінің майталмандары атанған мықты жандардың шеберлік класына барғым келеді.Олардың жасаған жұмыстарын көзбен көріп,өзіме жігер алғым келеді. Шеберлікті шыңдай түсу үшін ғаламторды шолып, ол жерден де көптеген пайдалы нәрселер үйренуге болады. Көпшілікке танымал Мырза Тұрсынзада деген жанның жұмысын көргім келеді. Ол кісімен кездесіп, ақыл-кеңесін алып, қолынан шыққан дүниелерін көру арманым.

Алдағы уақытта қыз жасауын тігу, балаларға киім тігу өз ойымда бар. Мақсатыма жету үшін ерінбей еңбек етіп, ізденуден жалықпаймын,- дейді тігінші Бағила.

Қандай жұмыс болса да алғаш бастаған сәтте қиындықтар кездесетіні белгілі. Өзінің алдына мақсат қойған Бағила қандай жағдай болсада мойымай, табандылық танытып өз ісін қолға ала білді. Талабы таудай Бағила алдағы уақытта талмай еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жететініне сеніміміз мол.