Шәкірттерімді мақтан тұтамын

Шәкірттерімді мақтан тұтамын

Қарғалы балалар өнер мектебінде оқушылар жан-жақты. Өзімнен дәріс алған шәкірттерімнің жеткен жетістіктеріне мақтанатын ұстаздардың бірімін. Домбырашылар қатары жыл санап өсіп, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерден көрініп, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Мұндағы оқушылар өздерінің таңдап алған аспаптарын қадірлей біледі. Сабақ беру жөніндегі мақсатым домбыра шеберлігін меңгерту, оқушының өнерге деген ынта-ықыласын өсіріп, эстетикалық талғамын арттыруға, музыканы дұрыс тыңдап, тереңдей түсіне білуге тәрбиелеу болып табылады. Мұғалім сабақ барысында шәкірттің ой-өрісі мен қабілетіне қарай, күй өнерін жан-жақты талдап, тереңдете түсіндіріп отыруы керек. Оқушы музыка ретінде аспапта ойнау процесі арқылы қалыптасып жетіледі. Сондықтан оқушының сабақты шығармашылық шабытпен таратымды ұйымдастырып, методикалық тәсілдерді, музыкалық эстетикалық тәжірибенің озық үлгілерін қолдана білуі керек.

Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңестігіне шығуға, яғни, тәрбиелей білуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ал, оңдай тұлғаны дайындау, мектеп табалдырығын аттаған сәттен басталады.

Біріншіден, алдында отырған әрбір оқушыны жеке тұлға деп қабылдап, үлгерімі жақсы болсын, тұйық болсын, ашық болсын, барлығын жанына бірдей қабылдап, олардың ең кішкентай жетістігіне шәкірттерімен бірге қуанып, білім алуға деген ұмтылысына шабыт беруге тырыстым.

Әрбір оқушының балалық проблемасын, олардың көзінен қарап, күрделі мәселе ретінде алып, оқушылармен үлкен адам ретінде санасамын.

Мұғалім әрқашан оптимист болуы керек. Оқушы қандай болмасын, сол оқушыға сенім арта білуі керек. Себебі, мұғалім артқан сенімді оқушы ешқашан аяқасты қылмайды. Мұғалім мен оқушы арасында бір-біріне деген сенім, түсінушілік болу керек деп ойлаймын. Сонда ғана тәрбие мен білім беруде үлкен жетістіктерге жетуге болады.