
ҚАРҒАЛЫ АУДАНЫНДА КЕШЕНДІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТУДЕ
28 шілдеде Қарғалы ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюға бағытталған кешенді оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Облыс көлемінде үш жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл шара азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын арттыруға бағытталған.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – ауданның басшылық құрамын азаматтық қорғанысты басқаруға және төтенше жағдайлар кезінде халық пен аумақтарды қорғау жөніндегі іс-қимылдарды ұйымдастыруға даярлау. Сонымен қатар азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының өзара іс-қимылын пысықтау, жедел әрекет ету дайындығын тексеру көзделген.
Оқу-жаттығу аясында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың төрағалығымен актив жиналысы өтті. Жиынға Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Талғат Темірханұлы Жанбауов, азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары және жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Жиын барысында кешенді оқу-жаттығуды өткізу тәртібі, қатысушы құрылымдардың міндеттері, төтенше жағдай туындаған кездегі басқару және хабарландыру жүйелерінің жұмысы түсіндірілді.