
Тамыз айында Қарғалы ауданындағы басты туристік нысандардың бірі – Қасқыр сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Туристер үшін қолжетімділікті арттыру мақсатында сарқырамаға дейін автожол салынып жатыр. Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құрылыс нысанына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
«Жолдың жалпы ұзындығы – 4,7 шақырым. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге. Мердігер ұйым – «ПК «Шымкентдорстрой» ЖШС бүгінгі күні жұмыстардың 40 пайызын орындады. Жолды биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Іссапар барысында Асхат Шахаров демалыс аймағын абаттандыру және дамыту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Байқұла» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Ысқақовпен кездесті.
Жақын арада мұнда туристерге арналған жаңа демалыс үйлері салынады.
Сонымен қатар, шаруашылықта балық шаруашылығын дамыту жұмыстары басталды. Демалыс аймағы аумағындағы су айдынында тұқы (карп) мен форель өсіруге арналған арнайы торлы қондырғылар (садоктар) орнатылған. Бұл келушілер үшін демалыстың жаңа түрін ұсынып, қосымша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.