«Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Аманғос Төлеуовті жерлестері әуежайдан күтіп алды

«Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Аманғос Төлеуовті жерлестері әуежайдан күтіп алды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева және өзге де қоғам өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған «Степное» ЖШС директоры Аманғос Сансызбайұлы Төлеуовті әуежайдан ерекше ықыласпен күтіп алып, құрмет көрсетті.

🔹 Асхат Шахаров жоғары награда иесін құттықтап, оның ауыл шаруашылығы саласындағы қажырлы еңбегін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Сіздің төрт онжылдыққа жуық еңбегіңіз – бүтін бір өңірдің дамуына серпін берді. Ауыл шаруашылығы саласына заманауи агротехнологияларды енгізіп, ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға айырықша үлес қостыңыз. Бұл жоғары марапат – сіздің табандылығыңыз бен адал еңбегіңіздің әділ бағасы», – деді өңір басшысы.

🔸Өз кезегінде Аманғос Төлеуов те қажырлы еңбек жолына берілген жоғары баға үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

«Бұл марапат – жалғыз менің емес, бүкіл еңбек ұжымының, оның ішінде «Степное» ЖШС нәтижесі. Қатарымдағы әріптестерімнің қолдауы мен ауыл азаматтарының сенімі болмаса, мұндай деңгейге жету мүмкін емес еді. Мемлекет басшысына көрсеткен құрметі үшін мың алғыс. Еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту жолында әлі де талай жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді ол.

🌾 Айта кетейік, Аманғос Төлеуов – Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдан астам тұрақты еңбек етіп, бидай және мал шаруашылығын, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында инновациялық тәсілдерді енгізген тәжірибелі маман. Ол жетекшілік етіп отырған «Степное» ЖШС - өңірдегі ең үздік агроқұрылымдардың біріне айналды.