Аудан аумағындағы су тасқынына қарсы дайындық шараларының барысын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, полковник А.С. Советов арнайы іссапармен Қарғалы ауданына келді.
Іссапар барысында Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаевпен бірге, ол аудан аумағындағы қорғаныс бөгеттерінің, су ұстайтын дамбылар мен су өткізу құрылғыларының техникалық жай-күйін қарап, олардың су тасқыны кезеңіне дайындығын бағалады.
Сондай-ақ, Қарғалы су қоймасына барып, судың ағу деңгейін, гидротехникалық нысандардың беріктігін және бақылау жүйесінің жұмысын тексерді. Тиісті мекемелерге инженерлік құрылыстарды күшейту, су өткізу арналарын тазалау және қажетті материалдық-техникалық қорды толықтыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Полковник А.С. Советов төтенше жағдайлардың алдын алу – мемлекет пен қоғам үшін ортақ міндет екенін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Сапар соңында аудан басшылығына және жауапты бөлімдерге су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.