
Қарғалы ауданы әкімдігінің негізгі міндеті – инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын тиімді дамыту.
Нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру көзделуде. Аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы мәлімдеді. Көрсеткіштер оң динамиканы және тұрақты өсімді көрсетіп отыр.
Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Есепті кезеңде бұл саладағы жалпы өнім көлемі 32 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға артты. Әсіресе, картоп шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Екінші нан саналатын өнімнің жалпы көлемі 33 мың тоннадан асты.
– Биыл біз 1 320 гектар жерге картоп ектік. Орташа өнімділік – гектарынан 250 центнер. Өнім килограмына 120 теңгеден сатылады. Бірқатар шаруашылықтар өнімді тұрақтандыру қорына жеткізу үшін «Ақтөбе» ӘКК-мен келісімшарт жасасты, – деді аудан әкімі.
Дәнді дақылдардың жалпы жиналымы 127 мың тоннаны құрап, орташа өнімділік 11 ц/га болды. Кейбір шаруашылықтарда күздік дақылдардың өнімділігі 25 ц/га-ға дейін жеткен. Соңғы үш жылда түрлі меншіктегі құрылымдар 6,6 млрд теңгеге 280 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жер өңдеу сапасы мен еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 82,4 млн теңгеге 13 жоба іске асырылды, олардың басым бөлігі – мал шаруашылығы саласында. Құны 100 млн теңгеге жуық тағы 8 жоба мақұлдау сатысында. Мал басының тұрақты өсуі де байқалады. Ауданда 190 шаруа қожалығы жұмыс істейді, оның 104-і – егіншілікпен, 86-сы – мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда ауданда ірі қара – 23,6 мың бас, ұсақ мал – 24,3 мың бас, жылқы – 4,1 мың бас, құс – 37 мыңнан астам.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 189,2%-ға артты.
– Бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда – ірі қара малға арналған бордақылау алаңының, қияр мен қызанақ өсірілетін жылыжай кешендерінің, сүт фермасы мен ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысы, – деді Нұрлыбек Өнербаев.
Қазіргі уақытта «Badamsha Wind Energy» компаниясымен Бадамша ауылында жел электр станциясын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл жоба баламалы энергетиканы дамытуға және қосымша инвестиция тартуға бағытталған тағы бір маңызды қадам болмақ. Нысан орнатылатын алаң тұрақты жел соғатын аумақта анықталған.
– Бұрын біздің ауданда никель мен кобальт өндірілген болатын. Қазір осы пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге инвесторларды тартудамыз, – деп атап өтті аудан әкімі.
Көше жарықтандыру жұмыстары Петропавловка, Жосалы, Бадамша және Ащылыса ауылдарында да жүргізіледі. Жалпы құны 234 млн теңге. Елді мекендер абаттандырылып, жаңа балалар ойын алаңдары мен жасыл аймақтар пайда болуда. Аудандық ішкі істер бөлімі 15 бейнебақылау камерасын орнатқан.
– Біздің аудан тұрақты экономикалық өсімге жоғары әлеуетке ие және инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін тартымды, халық үшін қолайлы аймаққа айналып келеді, – деді Нұрлыбек Өнербаев.
– Ең бастысы – инфрақұрылымды қалыптастыру, ал инвестор одан әрі өзі дамиды, – деп атап өтті спикер. Су қоймасына апаратын автожол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, шығын көлемі 500 млн теңге. Аудан әкімдігі бюджеттік өтінім әзірлеуде. Газ жүргізу жұмыстары «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Ақтөбе – Орск тас жолының бойында «Рух» этноауылы орналасқан. Мұнда киіз үйлер орнатылып, бақылау алаңы салынған. Жоба аясында нысанды кеңейтіп, балалар еңбек лагерін ұйымдастыру көзделуде.
– Кәсіпкер несие алуға құжаттарын тапсырды, 15 киіз үйге дейін көбейтіп, мектеп оқушыларына демалыс ұйымдастыруды жоспарлап отыр, – деді Өнербаев.
Аудан басшысы жолдарды жөндеу мен салу жұмыстарына ерекше назар аударды. Биыл елді мекендер ішінде жалпы ұзындығы 9,45 км болатын төрт жоба 900 млн теңгеге жүзеге асырылды. Олардың қатарында Қайрақты ауылына кіреберіс жол (1,5 км) және осы ауылдағы көше жөндеу жұмыстары бар. Сонымен қатар Степное – Қайрақты (40 км) автожолын жөндеу, Шәмші Қалдаяқов ауылындағы бір көше, Қос-Істектегі төрт көше, Петропавловкадағы екі көше асфальтталды.
– Ақтөбе – Орск республикалық трассасының үш бөлігінің екеуі дайын. Соңғы бөлігі келесі жылы аяқталған соң, Ақтөбеден Әлімбет өткізу пунктіне дейінгі жол толық жөнделеді, – деді аудан әкімі.
Келесі жылы аяқталатын тағы бір жоба – Петропавловка ауылына кіреберіс жеті шақырымдық жол. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңге, оның 500 млн теңгесі бөлініп, жұмыстар басталды.
Аудан әкімдігі абаттандыру бойынша да бірқатар жоспарларды бөлісті. Степное ауылында екі шақырымдық кіреберіс жол және көпірді жөндеу жобалары дайындалған, жұмыстар 2026 жылы басталады. Бадамша ауылындағы үш көшені жөндеуге қаржы сұратылуда. Қаражат бөлінсе, аудан орталығындағы көшелердің 95%-ының жағдайы қанағаттанарлық деңгейге жетеді. Жоба дайын, ұзындығы шамамен 3,5 км.
Шәмші Қалдаяқов ауылы Желтау ауылдық округінің құрамынан шығарылып, жеке әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды. Биыл мұнда бір көше асфальтталды, тағы үш көше 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар сегіз көшеге жарық орнатылып, сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылады.
Ішкі туризмді дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Негізгі нысандар – Қасқыр сарқырамасы мен Қарғалы су қоймасы. Биыл облыстық бюджеттен сарқырамаға апаратын автожол құрылысына 500 млн теңге бөлінді. Жұмыстарды келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Электр қуаты «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында тартылды, глэмпингтер мен киіз үйлер орнатылды. Бұл ерекше табиғи нысанның танымалдығын жыл сайынғы 15 мың туристің келуі дәлелдейді.