ҚАРҒАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ ТҰРАҚТЫ ӨСІМ КӨРСЕТУДЕ
Биыл Қарғалы ауданының негізгі экономикалық көрсеткіштері оң нәтижелерді көрсетуде. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев ауданның 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Әкімнің айтуынша, биыл Қарғалыда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 32 млрд теңгеден асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,6% деңгейінде орындалды. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 10 млрд теңгеге жетіп, 184,7% өсім байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16 млрд теңгеден асып, 189,2% көрсеткішке жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 7 млрд 128,7 млн теңгені құрады (106,9%), ал бюджет кірісі 1 млрд 580,9 млн теңгеге жетіп, жоспар 138% деңгейінде орындалды.
🗣️«Экономикалық өсімнің басты тірегі – ауыл шаруашылығы. Биылғы жылы егіс көлемі 151 мың гектарды құрады. Диқандар 127 мың тоннаға жуық астық жинап, картоптың өнімділігі гектарына 250 центнерге жетті», — деді аудан әкімі.
Аталған деректерге сүйенсек, мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім бар. Ірі қара мал басы өткен жылмен салыстырғанда 119,8%, ұсақ мал 121,5%, жылқы 115,9% болды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы сомасы 182,4 млн теңгеге 21 жоба ұсынылып, оның 13-і қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып, соңғы үш жылда 6,6 млрд теңгеге 280 жаңа техника сатып алынды.
🗣️«Инвестиция тарту бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Ауданда мал бордақылау алаңы, сүт фермасы және жылыжай кешені салынбақ. Сонымен қатар, «Badamsha WIND ENERGY» компаниясы жел электр станциясын салу бойынша жобаны пысықтап жатыр. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда ондаған жаңа жұмыс орны ашылып, аудан экономикасына серпін береді» - деп атап өтті Нұрлыбек Өнербаев.