Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі «Аналар күні» (мамырдың екінші жексенбісі) мерекесімен толықтырылды.
Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке.
Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралияны қоса алғанда 20-дан астам елде атап өтіледі. Бірқатар басқа елдер бұл мерекені бөлек күндерде атап өтеді.
2024 жылы бұл мереке Қазақстанда алғаш рет атап өтіледі және 12 мамырға тұспа-тұс келеді.
Аналар күнін мерекелеу аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын және қазіргі қазақстандық қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, қазақ халқының тарихындағы аналардың рөлін танымал етуге ықпал ете отырып, оң әлеуметтік әсер күтеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл–ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өткен.
Ананы қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым міндеті.
Әлеуметтік Кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген, оның ішінде бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды.
Еңбек заңнамасында жұмыс істейтін аналардың құқықтары мен міндеттері реттелген. Жұмысқа қабылдау кезінде кепілдіктер беру және жүкті әйелдер мен балалары бар әйелдерді жұмыстан шығаруға тыйым салу, үш жасқа дейінгі балалары бар аналарға жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беру көзделген.
Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың икемді нысандары қарастырылған, бұл қызметкерге жеке және отбасылық қажеттіліктермен және міндеттермен жұмыс істеу міндеттерін біріктіруге, балалары бар әйелдерді жұмысқа кеңінен тартуға мүмкіндік береді (толық емес жұмыс уақыты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу, қашықтықтан жұмыс істеу және т. б.).
Бұдан басқа, еліміздің әрбір елді мекенінде балалар мен жастарды тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды жаңғырту проблемаларын шешу үшін еліміздің әйелдерін біріктіретін Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесі жұмыс істейді.