
Қарғалы ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және саладағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды кеңес өтті.
Кеңес Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаевтың қатысуымен ұйымдастырылып, оған Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының жұмыс тобы мүшелері, салалық басқармалар мен ведомстволардың өкілдері, қаржы институттары, кәсіпкерлер палатасы және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешендегі проблемалық мәселелерді талқылау, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және шаруалармен кері байланыс орнату болды.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін толғандырған өзекті мәселелер көтеріліп, жер қатынастары, ветеринария, субсидиялау, несиелендіру, су ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділік бағыттары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, жауапты сала мамандары тарапынан қолданыстағы бағдарламалар мен тетіктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан басшысы өз сөзінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – өңір экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласын қолдау және дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Кеңес қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың назарына алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты шаралар қабылданатын болды.