Асхат Шахаров Ырғыздағы эвакуациялық пунктке барды

Асхат Шахаров Ырғыздағы эвакуациялық пунктке барды

Кеше өңір басшысы Асхат Шахаров су тасқыны қаупіне байланысты жағдаймен танысу үшін Ырғыз ауданына ұшып келіп, 1 орта мектептегі эвакуациялық пунктке барды. Мұнда 49 адам орналастырылған.

Облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде эвакуациялау шарасы қауіптің алдын алу мақсатында атқарылғанын жеткізді. Ауылдарда қандай да бір су басу қаупі орын алса, барлық күш құралдары әзір. Ал зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек беріледі.

«Ырғыз ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипатқа ие төтенше жағдай режімі жарияланды. Ең бастысы - сіздердің амандықтарыңыз. Ауылдан көшіру себебін білесіздер. Торғай өзенінің деңгейі көтерілді. Бөгеттер нығайтылып, барлық күш жұмылдырылды. Азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттардың барлығы беріледі», - деді Асхат Шахаров тұрғындармен кездесуінде.  

Айтып өтейік, ҚР Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен аудан орталығына тәуекел аймағында тұрған Мамыр және Нұра ауылдарынан барлығы 80 адам көшірілді.

Ауыл тұрғындарын қабылдау үшін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, 1 және №2 орта мектептері, «Жігер» спорт кешені эвакуациялық орталық ретінде ұйымдастырылды. Пункттер қажетті заттармен жабдықталды.