Су тасқыны: Ақтөбе облысында залалды өтеу және қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінді

Су тасқыны: Ақтөбе облысында залалды өтеу және қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінді

Ақтөбе өңірінде орын алған табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты су тасқынынан келтірілген залалдарды өтеу және қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 10 млрд.теңге қаражат бөлінеді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс он екінші сессиясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов мәлімдеді. 

Сондай-ақ, Әйтеке би, Қобда және Ойыл ауданындағы төтенше жағдай салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған 877 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасынаберілетін қаржы 316,0 млн.теңгені құрайды. 

Қалған аудандар бойынша мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек аудандардың ішкі резервтері есебінен көрсетіледі.  Жалпы облыс бойынша 2 800 отбасыға 1,0 млрд.теңге көлемінде қаражат бағытталып отыр.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева қатысты. Өңір басшысы су тасқынының салдарын жою – күн тәртібіндегі басты мәселе екенін алға тартты. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына қаржылай өтемақы төленеді. Қазір облыста тұрғындардың келтірген шығынын есептеп, өтемақы төлеуге өтініштерді қабылдайтын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының салдарын жоюға да барлық күш жұмылдырылған. Облыстағы барша жанашыр азаматтар жұмылып, бір-біріне көмек қолын созып жатыр. Су тасқыны жағдайы бірте-бірте тұрақтануда, біз барлығын қалыпқа келтіреміз. Алдағы уақытта жолдар, көпірлер жөнделеді, ауыл тұрғындарының баспаналы болуына барлық жағдай жасалады», — деді Асхат Шахаров.